Өмірзақ Шөкеев бірқатар шенеуніктің жұмысын сынап, сөгіс жариялады

864

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды 2020 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспары талқыланып, жауапты сала басшылары есеп берді. Жиында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеевтің бірқатар шенеунікке сөгіс жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жергілікті қамту үлесі, яғни облыстың құрылыс алаңдарының отандық тауарлармен қамтылуы 64%-ды құраған. Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бақылау, қадағалау жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені үшін облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Үсіпәлиевке сөгіс жариялады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы жайылым мәселесіне тоқталып, ретке келтіруді тапсырған болатын. Аппарат отырысында ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы тиіс жерлердің тапшылығы Түркістан облысында да тіркелгені айтылды.

Облыс әкімі пайдаланылмайтын жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары аудан, қала әкімдіктерінде ұзаққа созылып, тиісті деңгейде жүргізілмейтінін айтты.

Облыс әкімі облыстық басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне екі апта уақыт берді. Пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекеттік меншікке қайтарудың қадамдық алгоритмін әзірлеп, ұсынуды тапсырды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүйесін негізгі тетік ретінде қарастыру керектігін айтты.

Сондай-ақ, Өмірзақ Естайұлы бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды жыл соңына дейін толық орындауды тапсырды. Жиналыста Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша соңғы ақпараттарды ортаға салды. Үкімет отырысында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмысқа орналасқан кей азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары аударылмағаны айтылған болатын. Бұл орайда облыс әкімі басқарма басшысына облыстық кіріс департаментімен бірлесіп, тексеру жүргізуді міндеттеді.

Тексеру қорытындысы бір апта ішінде дайын болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жауапты мамандарға тиісті шаралар қолданылатын болады. Аппарат отырысында көрсеткіштері төмен Түркістан мен Кентау қалалық әкімдіктің әлеуметтік бөлім жетекшілеріне тәртіптік шара қарастырылды.