Ұшты, ұшты миллиардтар ұшты…

797

«Халық қиналғанда, құзғындар құлқынын ойлапты»

Жуырда ғана еліміздің Есеп комиеті 2020 жылға арналған бюджет қаражатын жұмсауға қатысты жұмыс қорытындысын шығарды. Арнайы аудит жүргізген Есеп комитетінің есебінше, коронавирус пандемиясы кезінде экономиканы қолдауға бөлінген  қаражат 2,2 трлн теңгені қамтыса,  бұл қаражаттың 386 миллиард теңгесі заңсыз жұмсалған. Осылайша, қысылтаяң сәтте «экономиканың еңсесін тіктейді» деп  бөлінген қаражат  мақсатсыз жұмсалып, тағы да, миллардтардың желге ұшып кете барған жайы бар.

   «Жаны ашымастың балтыры сыздамас»…

Есеп комитетінің осы жолғы аудиті  бас шайқатпай қоймады. Жылдағыдай бұл жолы да бөлінген қаражатты жемірдей жеп, мақсатсыз жұмсағандардың қатары толықты. Заң бұзушылықтарды анықтаған Есеп комитеті жұмыс қортындысын құқық қорғау органдарына жіберіп, қазірде екі жүзден астам адам істі болған. Тексеру барысында әсіресе «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында заң бұзушылықтар көп болған. Аталмыш бағдарламаға бөлінген 1 трн теңгенің 96 млрд теңгесі заңсыз, жоспарсыз жұмсалған. Агроөнеркәсіпті дамыту саласында 49 млрд теңге  «ұстағанның қолында, тістегенннің аузында кеткен». «Бизнестің жол картасы» аясында 35 млрд теңгенің қайда кеткені күмән тудырса, жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде 18 млн теңге көлемінде заң бұзушылықтарға жол берілген. Қорытындысында 72 факт бойынша іс құқық қорғау органдарына, 339 факт — әкімшілік жауапкершілікке тартуға жіберілген. Осылайша Есеп комитетінің мәліметінше, 2020 жылы жалпы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі үш есеге өскен. Бұған қатысты сала мамандарының пайымынша, халық қиналған сәтте бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау нағыз «жаны ашымастың балтыры сыздамас» дегеннің кері.

 Бұл ретте «Жас Алашқа» пікір білдірген экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай дейді:

– Біз әрбір дағдарысты басымыздан өткізген сайын жұмыспен қамту, агроөнеркәсіп, бизнестің жол картасы, осы үш саладан ерекше үміт күтеміз. Осыдан 10 жыл бұрын біз «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасын қабылдап, жоспар құрдық. Бағдарлама нәтижесінде былтыр 2020 жылы айрықша жетістіктерге жетуіміз керек еді. Сол тәрізді «Бизенстің жол картасы» бағдарламасынан да үміт күткенімізге 10 жылдан асты. Ауыл шаруашылығына қатысты жоспарларымыздың да әбден тізесі шықты. Қомақты қаражат бөлінгенімен бақылау жоқ. Заңға бағынатындар, қорқатындар аз. Сондықтан бөлінген қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетеді. Ал былтыр халық әрең тыныстап, тұншығып жатқанда бар қаражатты жемқорлардың жеп қоюуы бұл елге жаны ашымастықтың анық белгісі. Халық қиналғанда құзғындар құлқынын ойлапты.  

    Қаражаттың қызығын ел неге көрмейді?!

Сала мамандарының пайымдауынша, бюджеттен, Ұлттық қордан экономиканы қолдауға қаражат бөлінеді. Бірақ оның қызығын халық көрмейді.  Мысалы, былтырғы жылы біздің үкіметбасы Мамин мырза «Бұл дағдарыс мемлекеттің іргелі факторларын қалыптастыру үшін тың өзгерістер жасауға мүмкіндік береді», -деді. Бірақ Мамин осылай дегенімен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерттеп жүрген біраз мамандар қазірде үкіметтің іс-қимылына қатысты сын пікірлерін оқтын-оқтын ортаға салып жатыр. Көршілес елдердің жанталасып жұмыс істеп жатқанын мысал еткен мамандар, біздің үкіметтікі не жайбасарлық, не сылбырлық екенін ұқпай дал. Бұған қатысты саясаттанушы Әзімбай Ғали:

–  Менің ойымша, әр коррупция барынша әшкереленіп отыруы керек. Өкінішке қарай, біз мұндайды әшкерелеуге асықпаймыз. Көп жағдайда жария етілмей жабылып қалады. Осыдан барып, бөлінген қаражатты мақсатсыз жұмсау орын алады. Батыс елдерінде мұндай мәселе үлкен талқыға түсіп, халықтың наразылығын тудыратын дүние. Сондықтан болашақта сылбырлықты қойып, бақылауды күшейтіп, заң бұзғандарды ашық жариялап, заң жүзінде жазаға тарту керек. Бюджеттен бөлінген қаражаттың қызығын ел көруі қажет,-дейді. 

Расымен маман айтып отырғандай, Еуропада осындай жайттар қызу талқыға түседі. Тіпті Батыстан бөлек көршілес ТМД елдері қазіргі қиындықтан шығу үшін қанша қаражат керек екенін, қандай сәтті қадамдар елді тығырықтан шығара алатынын бірнеше мәрте қадап айтып жүр. Рас, біздің үкімет те былтырғы жылы «әлеуметті қолдаудың жаңарған үлгісін жасадық» деді. Бірақ олардың ойлап тапқан  42 мың теңгесінің жайы қырық рулы елді дауға қалдырып, тіпті көпшілікті ашындырып  та жіберді.  Бұдан бөлек, Үкіметіміз ойлап тапқан, сын сағатта жүйткіп тұруы тиіс «Цифрлы Қазақстан» жобасы да істен шығып шикі тұстары ашылды. Медицинадағы бей-берекетсіздіктің салдарынан халық сырқатына дәрі таппай көше кезіп, ауруханаға барса жазылудың орнынан табытпен шығып жатты. Құзырлы орган салаларындағы келеңсіздіктер де қылаң берді. Былайынша айтқанда төтеннен келген оқыс жағдайға дайын еместігіміз анық білінді. Мұның барлығын сақадай-сай етіп, темірдей тәртіппен бақылауы тиіс үкімет «бұл дағдарыс жаңа мүмкіндіктерімізді  ашады» деген мамыражай қалыптан әлі танар емес. Ал мұндайда қарапайым халықтың көңілі қайдан күпті болмасын?!

Қауіптің басы тендерде…   

Жалпы, біз қаузап отырған мәселеге қатысты сала мамандары мұндай жағдай мемлекет үшін үлкен қауіп екенін алға тартып отырМамандардың пайымынша,нақ қазір біздегі қауіптің басы тендерде яғни мемлекеттік сатып алу жүйесін еркінсітіп жіберуімізде жатыр. Тендердегі заңсыздық, бюджет қаражатының да мақсатсыз жұмсалуына бірден-бір жол ашып отыр.  Сондықтан бізге бірінші, мемлекеттік сатып алу бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты, жеңімпаз фирмаға аударып беруді қатты бақылау керек.  Екінші жеңімпаз болып ұтқан фирма көп жағдайда түскен ақшаны толық банктен қолма-қол ақшамен бірден алуы, заттарды тек базардан алуы, жұмыстың сапасыз болуына жағдай туғызады.  Мұның барлығы мемлекеттік сатып алудың көлеңкелі экономикамен ұштасуына жағдай туғызады. Үшінші, бізде қазір жекелеген монополиялар, жекелеген серіктестіктер өте көп. Ең басты қауіп те осы. Жекелеген монополиялардың ашкөздігі өсіп барады. Тендерге жекелеген монополияның араласуы осындай берекетсіздікке апарып соқтырды. Тендерге қатысатын компаниялардың мемлекетке бағынуы маңызды. Жекелеген кәсіпкерден бөлек, шенеуніктердің өзі тендерді қалтасын қампайтар қазына көріп алды. Сондықтан бұл салаға алдағы уақытта қатаң заң керек. «Олай етпесек, мансабы бар кез келген шенеунікке де, жекелеген мердігерге де бюджеттің қаржысы жем болып желге ұша береді. Демек, қатаң заң, темірдей тәртіп орнату керек»,-дейді сала мамандары.

P.S: Жалпы,халықаралық сарапшылардың есебінше, Қазақстан өзін дамыған елдердің санатына қосу үшін қазіргі әлеуметіне көрсетіп отырған атаулы әлеуметтік көмек түрін бес  есеге арттырып, бюджеттен бөлінетін қаражатының орынды жұмсалуына жиырма есе бақылауды күшейту қажет екен.  Әрине, бақылауды күшейту үшін жоғарыдағылардың пәрмені мықты болуы керектігі даусыз.  Олай етпесек, бізде  «балық басынан шіриді» деп қойып төмендегілер ойына келгенін жасай берері тағы һақ. Сондықтан болашақта Мамин үкіметі «бюджет қаражатын мақсатсыз, жоспарсыз, оңды-солды шашып ұстайтындарды тұсап, қатаң заңға бағындыра алады» деп үміттенеміз…