Өзбекстанға Қазақстанның тест жүйесі енгізілуі мүмкін — Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

1037

«ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Моңғолия Сыртқы істер министрі Қазақстан Елшісін қабылдады — Kaznews

2021 жылғы 25 наурызда Моңғолияның Сыртқы істер министрі Батмөнхийн Батцэцэг Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ж.Әділбаевты қабылдады, деп хабарлайды Kaznews ақпараттық порталы.

Кездесу барысында Б.Батцэцэг Қазақстан халқын тіршілік атаулы жанданып, табиғат қайта түлейтін шақ пен жаңа өмірге ұмтылыстың нышаны болып табылатын көктемгі Наурыз мейрамымен құттықтады.

Жаңа тағайындалған Моңғолияның Сыртқы істер министрі Қазақстандық әріптесі М.Тілеубердіге құттықтауы үшін ризашылығын білдірген.

«Моңғолияның Сыртқы істер министрі Б.Батцэцэг Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердіге сыртқы саясат ведомствосының басшысы болып тағайындалуына орай жолдаған жылы лебізді құттықтауы үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Министр екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мақсатында бірлесіп жұмысты жалғастыруға дайын екенін атап өтті» деп жазды моңғолиялық БАҚ.

Өз кезегінде, Елші Ж.Әділбаев моңғол Министріне елдің қазіргі басшылығының бастамасымен Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар туралы мағлұмат берді.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, кездесу барысында тараптар қазақ-моңғол ынтымақтастығының жағдайы мен келешегін талқылай отырып, өзара сыйластық, ашықтық пен сенім қағидаларына негізделген жоғары деңгейдегі сапарлар екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өткен.

«Бұған қоса, көлік, инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық саласындағы көптеген өзекті мәселелер, сондай-ақ шарттық-құқықтық базаны кеңейту бойынша сындарлы пікірлер алмасылды. Бұл ретте, бірқатар екіжақты келісімдерді жаңарту қажеттілігі бар екені де айтылды. Сонымен қатар, халықаралық сахынадағы әрекеттерді одан әрі үйлестіру мәселелері көтерілді. Моңғол тарапына Қазақстанның халықаралық бастамаларын қолдағаны үшін ризашылық білдірілді», деп жазады Kaznews ақпараттық порталы.

Өзбекстанға Қазақстанның «UStudy» тест жүйесі енгізілуі мүмкін — «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Өзбекстандағы тест жүйесін жетілдіру үшін Қазақстанның 2013 жылы негізі қаланған «UStudy» тест жүйесі енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды «ӨзА».

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Білім министрлігінің хабарлауынша, 25 наурызда министрлікте Қазақ елінің «UStudy» тест орталығы өкілдерімен Өзбекстанда тест алу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және білім сапасын арттыруға бағытталған кездесу өткен.

Кездесуде екі тарап екі елдің білім беру жүйесінің архитектурасы, саладағы жетістіктер мен бар проблемалар туралы пікір алмасқан. Сонымен қатар, Қазақстандық делегация өкілдері «Ustudy» тест орталығының қызметін, олар енгізген инновациялық құрылғылар және олардың мүмкіндіктері жайлы таныстырған.

«Қазіргі күнде Қазақстанда 56 аймақтық орталығы бар «UStudy» тест орталығының өкілдері, Өзбекстандағы білім беруді одан әрі дамыту, инновациялық және заманауи ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу мақсатында Өзбекстанда «Ustudy» тест орталықтарын ашу бойынша ынтымақтастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады», деп хабарлайды uza.uz.

Айгүл кестешілік өнерімен бақытты тұрмысты кестеледі — kazakcnr

Ағымдағы аптада Қытайдың CNR басылымында осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

«Наурыз айы келіп, байтақ далада көктем лебі есіп, күллі тіршілік жанданды. Айгүл де көктемгі қарбаласқа түсті. Ол бала кезінен кестешілікке қызығатын. Оның тіккен кесте бұйымдары қыстақтағы кооператив арқылы сатылып, мал бағудан басқа отбасының тағы бір кіріс көзіне айналды», деп жазады қытайлық CNR.

Бүгінгі күнде, бір жағынан мал шаруашылығы, енді бір жағынан қазақтың шешеден қызға мұра болып келе жатқан дәстүрлі қолөнерінің бірі кестешілікпен айналысқан Айгүлдің отбасы кедейліктен құтылған.

Түркия Мәдениет министріне «Абай» медалі берілді — TRT

ТР Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой Наурыз мерекесіне орай Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы Түріксойға барды.

Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлады.

«Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсойды Бас хатшы Дүйсен Қасейінов қарсы алды. Қасейіновпен Наурыз отын алаулатқан министр оттың үстінен секіріп, төс соғып, темір ұрды. Ерсой осында түрік әлемін Наурыз мерекесімен құттықтады. Ол Наурыздың әлем халықтарының ортақ мұрасы болып қабылданғанын айтты. Түріксой іс-шараларын бүкіл әлемге таратып, мәдени қатынастарды нығайтуды мақсат еткендерін білдірді», деп жазды TRT.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Түріксой Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов та Наурыз мерекесінің Түріксой және ұйымға мүше елдердің бастамасымен енді адам баласының мұрасы екенін, 2009 жылы ЮНЕСКО-да Адам баласының материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгенін еске салды. Ол артынан 2010 жылы 23 ақпан күні БҰҰ-ның 21 наурыз күнін Халықаралық Наурыз мерекесі деп жариялағанын айтты.

«Іс-шара барысында түрік әлемінің билері сахналанды. Артынан министр Ерсойға Наурыз семени мен «Абай» медалі табысталды», деп жазады түркиялық БАҚ.

Иран-Қазақстан онлайн-фотокөрмесі ашылды — Фарс

Иран-Қазақстан онлайн-фотокөрмесі ирандық және қазақ дәстүрлерін, екі елдегі табиғатты және мәдени мұраны таныстыру мақсатында ашылды, деп хабарлайды Иранның Рarstoday ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, онлайн-фотокөрме Иранның жаңалықтар агенттігі (IRNA) мен Қазақстан жаңалықтары агенттігі (Kazinform) арқылы Теһран мен Нұр-Сұлтанда бір мезгілде көрсетілген.

«Көрме екі ақпараттық агенттіктің фотографтары түсірген фотосуреттерді ұсынды. Бұл көрмеде қазақстандықтар ирандық атақты адамдармен және мұралармен, ал ирандықтар Қазақстанның салт-дәстүрлері, тағам-тамақтарымен, киімдері мен тарихи ескерткіштерімен және әсем табиғатымен танысады. IRNA мен Kazinform кәсіби ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға ие және кәсіби жаңалықтармен және тәжірибемен алмасудан басқа, Азия-Тынық мұхиты жаңалықтары агенттігінде (OANA) бірге жұмыс істейді», деп жазады Иранның Рarstoday ақпарат агенттігі.


Автор Бейсен Сұлтан