МОДУЛЬДІ ОРТАЛЫҚТА ЕНДІ БАЛАЛАР ЕМДЕЛЕДІ

476

Пандемия кезінде салынған модульді жұқпалы аурулар орталығы балалар ауруханасы болып қайта құрылады. Енді орталық базасында дәрігерлер кішкентай науқастарға түрлі медициналық көмектер көрсетеді.

Емдеу орталығының сыйымдылығы 200 төсек орынға лайықталған. Мұнда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің 20 орны, КТ аппараты, цифрлық рентген және басқа да медициналық жабдықтар бар. Сондай-ақ ғимарат аумағында оттегі станциясы, автономды электр станциясы, лас қалдықтарды дезинфекциялауға арналған орындар мен жедел жәрдем машиналары қарастырылған.

Осыған дейін инфекциялық госпиталь ретінде жұмыс істеген орталықты науқастарға қауіпсіз ету үшін барлық тиісті шаралар атқарылды. Ғимарат қабырғалары мен медициналық аппараттардан жұғындылар алынып, экспертиза жүргізетін тәуелсіз мекемелерге тексеруге жіберілген. Қорытынды санитарлық талаптарға сай танылып, орталық жұмысына рұқсат берілді.