ҚАЛА ӘКІМІ ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ

519

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша арнайы жиын өткізіп, осы бағытта атқарылған жұмыстарды пысықтады. Басқосуда Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Е.Абдраманов пен Жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Қоқанбаев баяндама жасап, қала аумағындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол кептелістері жиі орын алатын уақыттар мен орындар күнделікті зерделенуде. Бүгінде 100 көшенің қиылысына 877, 200 көшенің бойына жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркейтін 800 бейне бақылау қондырғылары орнатылған. Бақылау жүйелері жол бойындағы қауіпсіздікті күшейтіп, апатты азайтуға септігін тигізуде.

Қала әкімі осы бағыттағы жұмыстармен, өзекті мәселелермен жіті танысып, жауаптыларға қауіпсіздікті күшейту мақсатында нақты тапсырмалар берді.

“Екі апта ішінде қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 5 жылдық жоспар әзірлеңіздер. Бұл мақсатқа қаралатын қаржыны нақтылап, басым бағыттарды анықтау қажет. Полиция департаменті өкілдері мен аудан әкімдерінің ұсыныстарын ескере отырып, мәселелерді жан-жақты пысықтап, бекітілген мерзімде кешенді жоспардың таныстырылымын жасаңыздар” – деді қала әкімі.

Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы жол қозғалысына кедергі жасайтын ретсіз сауданы жойып, жолдарды кеңейту бойынша ұсыныстар дайындауды ескертті. Жаяу жүргіншілер жиі өтетін өтпелдерге бағдаршам орнатуды, жол белгілерін көруге кедергі жасайтын жасыл желектерді ретке келтіруді тапсырды.