Қызылорда облысы Шиелі ауданында шенеуніктер мемлекеттен 335 миллион теңге жымқырып, оған өздеріне қымбат жаңа көліктер мен жиһаздар сатып алған. Одан қалды бренд киімдерге жұмсаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Балалар лагерінің ыстық тамағына бөлінген ақшаны оңды-солды шашқан шенеуніктер сот үкімімен 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Алты экс-шенеуніктің қылмысы аудандық білім бөлімін құзырлы органдардың тексеруі кезінде анықталған.

Құжатта жауаптылар жымқырылған 335 миллион теңге өткен жылы балалардың демалыс лагерінде тынығуларына және ыстық тамаққа жұмсалды деп есеп берген. Бірақ, 2020 жылы пандемияға байланысты демалыс лагерлерінің жұмыс істемегені белгілі болған.

Осылайша оңай олжалы болам деген шиелілік шенеуніктер және олардың сыбайластарына сот залынан кісен салынды. Оларға бас бостандықтарынан айыру және мүліктерін тәркілеу жазасы берілді.

“2020 жылғы Тойота автокөлігі, Лексус 460 автокөлігі, лексус 350 заттары алынғаны белгілі болды. Сонымен қоса оған күнделікті өздеріне қажетті жихаздар, киімдер сатып алған”, – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеушісі Аймұрат Абаев.