Чехиялық теннисші Уимблдон турнирінің чемпионы атанды

1015

Чехиялық, әлемнің 42-ракеткасы Маркета Вондроушова Уимблдон турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Чехиялық спортшы финалда әлемнің 6-ракеткасы, тунистік Онс Жабермен кездесіп, 6:4, 6:4 есебімен басым түсті.

Орталық корттағы матч 1 сағат 20 минутқа созылып, М.Вондроушова эйс жасамағанымен, 7 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Тунистік теннисші 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін ғана өз есебіне жазды.

Осылайша, чехиялық спортшы спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» жарысының жеңімпазы атанды. Ол дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингте 10-орынға көтеріледі.

Ал Уимблдонда екінші жыл қатарынан финалға шыққан О.Жабердің тағы да жолы болмады. Ол өткен жылы қазақстандық Елена Рыбакинаға есе жіберген еді. Егер биыл Онс Жабер чемпиондық тұғырға көтерілсе, рейтингте Е.Рыбакинаны ығыстырып, 3-сатыға шығар еді. Енді екеуі де өз орындарында қалады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің жұптық сында Аустриядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 15 жасар Зара Дәркен алғаш рет WTA 250 турнирінде ойнайды. Новак Джокович тоғызыншы рет Уимблдон финалына шығып, рекорд орнатты.