Универсиада: Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды

1158
Ресейдің Краснояр қаласында өтіп жатқан қысқы универсиада аясында мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасындағы сайыста қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  
Қысқа бағдарламадан кейін ол төртінші орында тұрған еді. Бұл бағдарлама бойынша ол 67, 57 ұпай жинаған болатын. Ол еркін бағдарламада өте жақсы деңгейде шеберлігін көрсете алды. Нәтижесінде екі жеке рекордын жаңартты. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламада 147,20 балл алды. Қос бағдарламаның қорытындысымен ол 214,77 баллға қол жеткізді. Осылайша Элизабет қысқы универсиадада күміс жүлдегер атанды.
Чемпион атағына жапон қызы Маи Махара ие болса, ресейлік Станислава Константинова қолаға қол жеткізді. Тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Момбекова жарыс барысында 17-орынды місе тұтты. Оның еншісінде 124,41 балл бар. Элизабет енді әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отыр. Аталмыш жарыс 18-24 наурыз аралығында Жапонияда өткізіледі.
Элизабет Тұрсынбаева  2000 жылдың 14 ақпанында Ресей астанасы — Мәскеу қаласында дүниеге келген. Оның әкесі — Байтақ Тұрсынбаев Қызылорда облысының тумасы. Элизабет еліміздегі жарыстарда Сыр өңірінің атынан шығады.
Осыдан 7-8 жылдай бұрын сол қаладағы «Москвич» эксприменттік жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алды. Сондай-ақ, Элизабет Алматы қаласының дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен Мәскеудегі орталық әскери-спорттық клубында жаттыққан. 2012 жылы аталмыш қаладағы №37 балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтер мектебінде шеберлігін жетілдірді.
Элизабет биыл тұңғыш рет ересектер арасындағы қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынады. Онда жекелей сында қазақстандық спортшы Элизабет Тұрсынбаева жалпы есепте 12-орын алды. Одан кейін 18-22 қыркүйек аралығында Словакияның Братислава, 4-8 қазан аралығында Финляндияның Эспоо қалаларында өткен Челенджер сериясы бойынша халықаралық турнирлерде жүлдегерлар қатарынан көрінді.
Ол ресейлік маман Этери Тутберидземен 2012-2013 жылдарда да жұмыс жасаған еді. Одан кейінгі бес жылда канадалық маман Брайан Орсерден тәлім алды.
Элизабет былтырдан бастап қайтадан Этери Тутберидзеден тәлім ала бастады. Бүгін универсиадада Қазақстан ерлер құрамасы шаңғы жарысынан универсиаданың күмісін иеленді.