Атырауда өткен жылдың соңында орын алған оқиға Жаңа жыл мерекесінің тасасында қалғанмен, желдей есіп, тез тарады. 2018 жылғы желтоқсанның 30-ы күні облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ пен оның орынбасары Роза ҚАБДУЛОВА ұсталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Атырау облысы бойынша департаменті оларға мердігер ұйымдардан мемлекеттік тапсырыстың келісім-шарттарын жеделдету үшін делдалдар арқылы 10 млн.теңге пара алды деген айып тағып отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Облыстың бас педагогы бұған дейін Қайырғали Рысқалиұлы аталған басқармада орынбасарлық қызмет атқарған. Еңбек жолын орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Ресми мәлімет беретін органдар мейрам күндері үнсіз отырғанмен, әлеуметтік желілер бұл деректі жариялап қана қоймай, оның төңірегінде қызу пікірталас жүріп те жатыр. Болған жайға бей-жай қарамаған бір топ білікті ұстаз ретінде көзге түскен білім беру басқармасы басшысының кінәлі екеніне сенбейтінін айтса, екінші топ «бұл жүйеге барған адамның қолы таза болатыны» күмәнді екенін алға тартады.
zhasalash.kz