Қорғасты «жем» қылған кімдер?

603
Қазақстан-Қытай шекарасындағы заңсыздық жыл сайын БАҚ беттерінде көтерілгенімен, шешімі әлі күнге табылмай келеді. Кәсіпкерлер қанша шуласа да, олардың талабы жақын арада орындалмайтын секілді. Айтуларынша, ауадан ақша жасап отырған монополистер екі ел арасын байланыстыратын дәлізді қанаттарының астына алып алған.

Экспресс К шекарадағы былықтың артында кімдер тұрғанын зерттеп көрді.

Өткен жылдың желтоқсанында Қазақстан-Қытай шекарасындағы жүк көліктерінің кезегі 3-4 шақырымға жеткені туралы БАҚ беттерінде көп айтылды. Кедендік рәсімдеуді күтіп сарғайған кәсіпкерлер Қорғастағы «Нұр жолы» бекетінің алдында наразылық танытып, шу көтерген болатын. Қытайдан тауар тасымалдайтын саудагерлер «Евротранзит» ауадан ақша жасап жатыр деп мәлімдеген еді. Өйткені әр жүк көлігіне олар 3500-4000 доллардан ақша төлеп келген.

2-1
Тимур Жаркенов

Шекарадағы жемқорлықтың дендеп кеткенін «Қазақстан тәуелсіз автомобиль бизнесі одағының» төрағасы Тимур Жәркенов те растап отыр. Ол шекарада монополия көп екенін және олардың барлығы қолында билігі бар шенділердің еншісінде екеніне сенімді.

«Шекарада монополия көп, тауарларды әкелуде, мәселені шешетін делдалдар арасында да монополия бар. Мұның барлығы сайып келгенде қарапайым адамдардың , кәсіпкерлердің қалтасын қағады. Қытаймен шекарада жемқор шенеуніктер қыруар ақша табады. Өйткені «жасыл дәлізге» ие болғандар шекарадан тауарын еркін алып өтеді де, қалғандары ақша төлемесе апталап, айлап тұрады. Мысалы шілде айында бір жүргізуші кезекке 7 мыңыншы болып тұрған екен, ал желтоқсан айында тек 1 мыңға ғана кезегі жылжыған», — дейді Тимур Жәркенов.

Мұндай ақпаратты ауыр жүк көліктерін тізгіндейтін жүргізушілер де жоққа шығармайды. Аты-жөнін атамауды сұраған азамат камазбен шекарадан тауар алып өту қиынның қияметі екенін айтады.

2-2

«Осыдан 2-3 жыл алдын бос көлікке шамамен 7500-8000 теңгедей ақша беретінбіз. Ешқандай заң бұзушылығы жоқ жүк көлігі сондай болатын. Ал тауар толтырып шыққан кезде тексеріс жасайтын әскерилерге ғана беретінбіз. Ал қалғанын бастықтарымыз шешетін. Оны бізге айтпайтын. Барлығын «қалтаға» беретінбіз. Ол жердегі фуралардың әрқайсының өз «крышалары» бар. Ақша төлемегендерді қолдан кезек жасап тұрғызып қояды. Кәрім Мәсімовтің балдызы болды Мүбарак деген әйел. Сол көптеген жүк көліктерінің үстінен қарады. Мүбарактың машинасын ешкім тексермейді, олар шекарадан ары-бері ешқандай кедергісіз өтіп жататын. Қытайдан тауарларды осылай тасыды. Ал қарапайым азаматтар 3-4 шақырым кезекте тұрып өтетінбіз. Былайша айтқанда ақша төлесең өтесің, болмаса кезекте тұрасың. Крышаң мықты болуы керек дұрыс жұмыс істеу үшін», — дейді көлік жүргізуші.

2-3
Андрей Халин

Мұндай мәселе темір жол арқылы тасымал жасайтын кәсіпкерлердің де бас қайғысына айналып отыр.

Қаңтарылған контейнерлер

Қазір Алматы мен оның маңайында 50 мыңға жуық контейнер қаңтарылып тұр. Қытайдан келген контейнерлерді кері қайтару 1 жылдан бері мүмкін емес. Тасымалдаумен айналысатын «Алан» ЖШС серіктестігінің басшысы Данияр Игісіновтің айтуынша, барлығына пандемия кінәлі көрінеді. Өйткені ҚТЖ серіктестікке індетке байланысты шекара жабық деп хат жіберген.

Алайда соған қарамастан бірнеше монополист компания қызу жұмыс істеп жатыр дейді кәсіпкер. Оған Игісінов ұсынған мына құжаттар дәлел.

«Біз бос контейнерлерді қытайға жөнелтумен айналысамыз. Алайда, ҚТЖ- бір жылдан бері бұл жұмысымызға тосқауыл қойып отыр. Олар Қытай контейнерлерді қабылдамайды дейді. Алайда, біздің қытайлық экспедиторлар шекараны ешкім жаппағанын айтады. Шекара жабылды, індет өршіп тұр деген жәй ғана сылтау. Жемқор шенеуніктер монополия орнатып, қытайға бос контейнерлерді жөнелтумен еркін айналысып жатыр. Бұдан бөлек олар тасымалдау бағасын шарықтатып жіберді, — дейді Данияр Игісінов.

Данияр Игісіновтің айтуынша, ешқандай індетке қарамай еркін жұмыс істеп отырған компаниялардың бірі — Kedentransservice. Олар еншілес компаниялары арқылы қытайға контейнерлерді тасымалдаумен айналысады. Қызмет құны бұрын 120 000 теңге болса, қазір оны бір миллион теңгеге дейін өсіріп жіберген.

«Ресми түрде ешкімнің жұмыс істеуіне рұқсат берілмеген. Барлығы ҚТЖ басшылығының ауызша тыйымына сілтеме жасап отыр. Ал бұл тыйым Kedentransservice-ке келгенде қолданылмайды. Мысалы Алтынкөлге контейнер әкеліп, екі мың доллар пара берсең, Қытайға контейнерді ешқандай қиындықсыз жөнелтуге болады. Бұл жолға қойылған жүйе», — дейді Данияр Игісінов.

Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен қазір Шанхайдан Алматыға келетін контейнер тасымалы 3500 доллардан 15 мың долларға дейін өсіпті. Ал бұл халық тұтынатын тауар бағасының өсуіне ықпал ететіні айтпаса да түсінікті.

«Қазір қытайлық экспедиторлар Қазақстанда не болып жатқанын жақсы біледі. Өйткені кейбір контейнерлер екі жылдан бері кер қайтпай қаңтарылып тұр. Соның кесірінен Қытайлық контейнерлік компаниялар шығынға батып, біздің кәсіпкерлерге контейнер қайда деп қысым көрсетіп отыр. Ал оны жөнелту үшін қыруар қаржы керек», — дейді кәсіпкер.

Қаңтарылған контейнерлер қытайға неліктен жөнелтілмей жатыр, бұған COVID-19-дың әсері бар ма деп Экспресс К «ҚТЖ» ҰК» АҚ хат жолдаған болатын. Олар кәсіпкерлерге берген жауабын бізге де қайталады.

«2020 жылдың соңынан бастап Қытай тарапы енгізген коронавирусқа қарсы карантиндік шараларға байланысты Қытайға тауарларды қабылдау мен өткізуге шектеулер бар. Нәтижесінде бұл Қазақстан Республикасының аумағында жүктердің жиналуына әкелді. Нәтижесінде қозғалыстан бөлек пойыздар да болды. Бұл жағдай теміржол инфрақұрылымына жүктеменің артуына ықпал етті. 2022 жылдың қаңтарында баламалы жолдармен (Ресей Федерациясы арқылы) 3000-нан астам бос қытайлық контейнер жөнелтілді, 1000-нан астамы Қазақстан Республикасының экспорттаушыларымен Қытай бағытында жіберілген», — делінген хатта.

Қорғастағы былықтың артында кімдер тұр?

Данияр Игісінов қолдан жасалған хаустың артында кімдер тұрғанын жақсы біледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында ол жоғарғы лауазымды шенділердің ҚТЖ майшелпекке айналдырғанын және оларға ешкімнің тісі батпайтыны туралы анық көрсеткен.

Хат авторлары осы азаматтардың мемлекетке қыруар шығын келтіргенін ашық жазған. Бірақ соған қарамастан оны прокуратура мен қаржы полициясы тексеруге құлықсыз дейді. Кәсіпкерлер Президенттен шекарадағы заңсыздыққа назар аударуын сұрайды.

Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан-Қытай шекарасындағы тәртіпсіздікке қатысты өз наразылығын білдірген болатын.

Өйткені Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметі миллиардтаған қаржының көлеңкелі кеткенін әшкереледі. Мәселен өткен жылы ҚХР деректері бойынша біздің елге 14 миллиард доллардың тауары әкелінген. Ал шекарада тек 8,3 миллиард доллардың тауары ғана есепке алынған.

Ал қалған қаржының қайда кеткенін өзіңіз бағамдай беріңіз…