Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Луганск пен Донецкідегі референдумға қатысты пікір білдірді

1395

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Луганск Халық Республикасы, Донецк Халық Республикасы, Запорожье мен Херсон облыстарындағы референдумға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлады inform.kz.

«ЛХР мен ДХР деп өзін-өзі жариялаған мемлекеттердің және Запорожье мен Херсон облыстарының әскери әкімшіліктерінің Ресейге қосылу жөнінде референдум өткізуіне келетін болсақ, Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын негізге алады. Президентіміз бірнеше рет, оның ішінде БҰҰ мінберінен жақында ғана сөйлеген сөзінде осы дүниежүзілік әмбебап ұйымның жарғысына негізделген халықаралық құқық қағидатын бұлжытпай сақтаудың маңызы туралы мәлімдеді», – деді Айбек Смадияров.

СІМ өкілі жарғыда БҰҰ-ға мүше елдердің бейбітшілік пен мемлекеттердің аумақтық тұтастығын сақтау жауапкершілігі жайында айтылғанын еске салады.

«Біз саяси диалог орнату үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл ретте еліміз тұрақтылықты өңірлік әрі жаһандық деңгейде сақтауды аса маңызды міндет санайды», – деді ол.