Қазіргі заман мұғалімі

1275
Қазіргі заман мұғалімі қандай болуы керек?
Адам баласы дүниеге келгеннен бастап өмірді танып, білуге ұмтылады. Онсыз өмірді толық әрі қанық сүру әсте мүмкін емес. Мінекей, осы сәттен бастап «Ұстаз» ұғымы қалыптаса бастайды. Адам өз білгенімен бөлісуі, ұрпағына үйретуі тиіс. Демек, ұстаздық қасиет мінезбен қалыптасқан ілім. Ұстаз бен мұғалім ұғымдары қатарлас, мағыналас. Мақсаты – ілім, білім, тәрбие беру.
Қазіргі заман мұғалімі бұрынғы мұғалімдерден ерен ерекше деп айтуға болмас. Мақсат пен мүдде өзгермейді. Қай кезде де мұғалім, ұстаз білімімен, болмыс, бітімімен  үлгі және осы киелі  ұғымға кір келтірмеуге тиіс. Киелі деп айтуға толық құқылымыз, себебі, қай ел, қай заманда болмасын  ілімді адамға және сол ілімді таратушыға құрмет көрсеткен. Сондықтан, ұстаздық  — ол бойға қанмен сіңген игі қасиет болуы тиіс.
Ұстазды заманына қарай ерекшелендіретін жайт – ол тек жинақталған білімнің өзі, даму сатысы.
Бүгінгі әлем ақпараттарына айналған заманда кексе тартқан қарттан еңбектеген балаға дейін күнделікті қажетті ақпаратты орталықтандырылған әлеуметтік желіден ала алады.
Бүкіл ғалам біртұтас желіге айналғандай. Ықылым замандардан жинақталып келген тәжірибе, ғылым, білім дайын күйде оқырманына жол табады. Ақпарат көзіне есеп жоқ. Оның ішінде жаманы, жақсысы, пайдалысы, зияндысы шиеленісіп жатыр. Сараптаушы тек адамның өзі.
Міне, осы орайда ұстаздың, мұғалімнің рөлін басып айтуға болады. Мұғалім тек қана білім беруші ғана емес, дұрыс жолды бұрысынан айыра білуші, тиісті бағыт-бағдар беруші. Кез-келген ақпаратты мақтадай сіңіруші жас буынға дұрыс ілім беріп, жол көрсететін, мәнсізден мәндіні саралап көрсететін, қажетті ақпаратты нұсқаушы – осы мұғалімдер.
Қазіргі педагогтарға талаптар өте көп. Заманауи, коммуникативті, үш тілді меңгерген, жан-жақты білімді, технологияларға икемді,  жаңа әдіс-тәсілдерді тез игеруші, сонымен бірге, шәкіртжанды, мейірімді, стресске төзімді, сабырлы т.с.с. адами қасиеттерін жоғалтпауы тиіс.  Бір ғана маман иесіне қаншама талаптар қойылып отыр.  Ал, егер жай ғана адами тұрғыда қарайтын болсақ, жоғарыда келтірілген талаптардан бөлек, мұғалім ең бірінші адам, ата-ана, отбасылы жан екендігін ұмытпауымыз қажет.
Жаңа айтып өткеніміздей, қазіргі алпауыт әлеуметтік ақпараттар желілерінің мысы басып тұрған заманда өскелең ұрпақтың бұрыс жолды емес, дұрыс жолды таңдауына, керексіз, теріс мағлұматтармен емес,
болмысын қажетті білім нәрімен сусындатуға жалғыз мұғалімнің күші жетпес.  Тәрбиеші бір мұғалім ғана емес, негізгісі ата-ана екендігін ұмытпаған жөн.
Қазіргі таңда үйдегі тәрбие кілті баланың өз қолына, яғни әлеуметтік желіге беріліп қойған отбасылар көп. Ұялы телефондар, смартфондар жаулап алғанын мойындаймыз.
Демек, баланы қажетсіз ақпараттардан қорғау, тәрбиесін қолдан жібермеу еңбекке баулу, білімін дұрыс толықтыру – екі жақтамалық зейінді қажет ететін жұмыс. Бірі – мұғалімге,  екінші тарап – ата-анаға тиесілі.
Сөзді қорытындылар болсақ, жүз жерден заман өзгерсе де, талап өзгеше болса да, адами қасиеттер, адамдық құндылықтар өзгермек емес.  Бүгінгі жастардың ақпаратты тез қабылдау, техниканы меңгере білу қабілеттерін қолдаумен қатар, осы білімдерін дұрыс арнаға  бұруға, игілікке жұмсауға  бағыт бере  отырып, қарапайым рухани тәрбиеге баулитын, мейірімділікті, рахымдылықты, адамгершілік қасиеттерін бойларына  сіңіруге үлес қосатын осы ата-ана мен ұстаздар болып қала бермек. Өмірге қажетті бас ілімдер де осы.
Бұрынғы заман мұғалімдері, қазіргі заман мұғалімдері деп айтсақ та, ең бастысы —  Ұстаз, Мұғалім – бұл өте жауапты мамандық екені, оның жас балаға берген бүгінгі білімінің нәтижесінен болашақтағы зайырлы қоғамның қалыптасатындығы дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Шымкент қаласы,
«Политехникалық колледжі» мұғалімі                                                      
Оразова Ләззат Балтақарақызы.