Мырзахметовтің екі жылы ел есінде несімен қалды?

848
Тәуелсіздік таңынан кейін­гі жылдардың бедерінде Жам­был облысын сегіз әкім бас­қа­рып, тоғызыншы болып Бердібек Сапарбаев тағайын­дал­ды. Бердібек Мәшбекұлы­на дейін өңір тізгінін ұстаған әкімдер ара­сында Асқар Мыр­зах­ме­тов­­тің еңбегі ел есін­де ерекше қалғаны дау­сыз. Әсіресе, кө­не шаһарды көркейтуге қос­қан үлесін бү­гін­гі жұрт таң­ды-таңға жалғап айтуда. Әрине, әлеуметтің әлеуеті үшін жа­сал­ған жақ­сы­лықтар жұрт жа­дында жат­та­лып қалары анық. Десе де, облысты 2 жыл 1 ай басқарған Асқар Исабекұ­лы­­ның артында қарт Тараз­дағы құрылыстан басқа не қалды? Әкім неден ұтты, не­ден ұтылды? Қай са­лаға көп көңіл бөліп, қай тұс­тар ұмыт қалды?
Әкімдерге үнемдеуді үйретті
Асқар Мырзахметов қаңтар айында алғаш қызметіне кіріскенде ең әуелі бүтіннен «бүлінген» жері көп қазына қаржысын қайта қа­ра­ды. Әр саланың бөлінісіндегі бюд­жеттік өтінімдерді сүзгі­ден өткізіп, әрбір тиынды үнем­­деу­ге кірісті. Бюджеттің тиімді­лі­гін арт­тыру үшін арнайы рег­ла­­мент қа­былдады. Онда салы­­натын ны­сандардың құнын оңтай­лан­дыру үшін құрылыстың параметрлеріне қатысты талаптар бекітілді. Нәти­жесінде, 134 жобаның құны оң­тай­ландырылып, 11 мил­лиард теңге үнемделді. Оның ішін­де Мо­­йынқұм ауданындағы кө­пір құ­ры­лысына қаралған 1 мил­лиард­қа жуық сома жарты бағасына дейін төмендетілді. Сондай-ақ Жуалы ауданындағы 80 орынды мектептің құрылысының алғашқы құны 620 миллион теңге болса, ол 290 миллион теңгеге дейін қыс­қартылды. Осы тектес Қордай ауда­нындағы 150 орынды мектеп­тің құрылысына 962 миллион теңгеге өтінім берілсе, жіті тек­се­ріс­тен кейін аталған нысанды 465 миллион теңгеге тұрғызуға бола­тыны анықталды. Осылайша, бюд­жеттің бір тиынына дейін тү­ген­деп, үнемдеуге көшкен әкім мерді­герге мақсатсыз берілмек бол­ған барлық қаржыны кері қайтарды. Соның салдарынан жү­ген­сіз кеткендер жөнге келіп, әкім қаралар етек-жеңін жия бас­тады.
Артынша Асқар Исабекұлы қала және аудан әкімдерінің жұ­мы­­сын арнайы алгоритммен баға­­лау жүйесін енгізді. Бірнеше тар­мақ пен талаптан тұратын бұл ба­ға­­лауға бастапқыда көпшілік бой үйрете алмағанымен, кейіннен әкімдер ұпай жинау үшін жан салды. Бұл жүйе шенділердің жа­­уап­кершілігін арттырып қана қой­­май, әр салаға серпін әкелді. Екі жыл­дың ішінде бұған елдің де, ел тіз­гінін ұстаған азаматтардың да еті үйренді. Әрі нәтижесін бұқара кө­ріп, бас бармақпен бағалады.
Бес жылда бағынбаған белес
Осындай жіті қадағалаудан ке­йін экономикалық өсім 105,7 па­­йызды құрады. Оның ішінде өнер­кәсіп өндірісінің көлемі 6,5 па­йызға, ауыл шаруашылығы 4,4 па­йызға, құрылыс 9,2 пайызға, көлік 3,6 пайызға, сауда 4,5 пайыз­ға және байланыс 6,4 пайызға арт­ты. Сондай-ақ негізгі капиталға са­лын­ған инвестиция да 15 пайыз­ға көбейді.
Әкім бюджеттік кірістің де көле­мін ұлғайтудың тетігін тапты. Мә­селен, бюджеттік кіріс 458,7 мил­лиард теңгені құраса, меншікті кіріс 51,8 миллиард теңгеге жетті.
Асыраушы сала алшаң басты
Асқар Мырзахметовтің оң жам­­­басына келетін сала ауыл ша­руа­шылығы екені белгілі. Үкіметтегі соңғы қызметі де осы бағытта болғандықтан, Мем­ле­кет басшысы оны аграрлық ай­мақ­қа әкім қылып жолдағаны да тегін емес еді. Бұл сенім ақталған сынды. Олай дей­тініміз, екі жылдың ішінде Асқар Исабекұлының көзі де, өзі де аграрлық салада болды. Ең әуелі әкім егістік алқабын 18 мың гектарға ұлғайтып, озық тех­­нологияларды енгізу ар­қы­лы үдемелі бақтардың үле­сін 40 пайызға көбейтті. Суар­ма­лы жер­лер­ді арттыру үшін меха­­ни­ка­лық жасақ құрып, 93 шақы­рым арна тазартылып, 6,2 мың гектар суар­ма­лы жер қалпына келтірілді. Қант қызылшасының көлемі 135 мың тоннаға жетті. Соңғы 2 жылда 25 кооператив құрылып, олардың жалпы саны 55-ке жетті. Онда 13,3 мың тонна сүт, 4,5 мың тонна ет өн­дірілді. Ет экспортының 43 па­йызы былтыр облыс енші­сіне жазылды. Осылайша, ауыл ша­руашылығы өнімінің өсуі бо­й­ынша республикада бірінші орын­ға шықты. Алайда Ас­қар Мырзахметов бұған да тоқ­­мейіл­сіген жоқ. Жамбылдық тұр­ғын­дар­дың тұрмысын жақсарту жо­басын Үкіметте қорғап шы­ғып, өңірге 7,2 миллиард теңге қар­­жы әкелді. Бүгінде ел арасында «Мырзахметовтің жобасы» атанып кеткен пилоттық бастамаға 10 ау­­­даннан 11 ауылдық округ таң­да­­­лып, егін мен мал ша­­­­руашылығын дамытуға ба­ғыт­­­­талған тиімді несиеге тұрғын­дар­­­дың дені қол жеткізіп үлгерген.
Көпбалалы аналардың алғысы
 Тұрғын үй саласына келсек, өткен жылы 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­ді. Сон­дай-ақ Президент тап­сыр­ма­сына орай аз қамтылған және көп­балалы аналарға арналған 11 жа­тақхананың құрылысы жос­­пар­ланса, қазір 4 жатақхана Тараз қа­ласынан және Жаңатас, Қа­ра­тау, Шу қаласынан бір-бір жа­тақхана ел игілігіне тап­сы­рыл­ды. Міне, осы еңбегі үшін күні ке­ше қызметінен кеткен Мыр­зах­метовпен көпбалалы аналар жы­лап қоштасты.
Бұдан бөлек Асқар Исабекұлы жол сапасына да барынша көңіл бөл­ді. «Нұрлы жол» бағдар­ла­ма­­сы аясында 45 жобаға жан бі­тірсе, қазір жақсы және қана­ғат­та­­нарлық жағдайдағы жолдың үле­сі 85 пайызды құрап отыр. Бұл рес­пуб­лика көлеміндегі үшінші орын.
Көпшілікті көгілдір отынмен қа­мтуда да көш түзелгені байқал­ды. Атап айтсақ, бүгінде өңірдегі 377 елді мекеннің 48 пайызы газ­дан­дырылған. Ал ерекше айта ке­тер­лігі, Мырзахметов жұмысына алғаш кіріскенде 841 мың ха­лық­­тың 53 мыңы ауылішілік газ құбыры бола тұра, көгілдір отын­­ның қызығын көре алмай отыр­­ған болатын. Экс-әкім ком­­па­ниялардың тілін тауып, осы мә­селені түбегейлі шешті. Дәл сон­­­­дай 377 ауылдағы 81,5 мың ха­лық су құбыры бола тұра, тірші­лік нә­ріне қол жеткізе алмай жат­қан жағ­дайды да Мырзахметов бір­жақ­­­ты етті.
Асқар Мырзахметов екі жыл­дың ішінде үшауысымды мек­теп­ мәселесін де толық­тай шешіп, 95 елді мекенде медици­на­лық ны­сан салдырып, бұл түйт­кіл­дің де нүк­тесін қойды.
Экс-әкім неден жаңылды?
Мырзахметов әкімдік міндеті­не кіріскен тұста өңірдегі жағдай тұрақты болатын. Аракідік ауыс-­түйіс­терге қара халықтың ша­­­­­ғымданғаны болмаса, анау ай­­­­тар­лықтай бүлік пен былық бол­­­маған еді. Алайда былтыр Мыр­­­захметовтен маза қашты. Ең ал­дымен сәуір айында Талас ау­да­ны, Қаратау қаласында 8 жасар қыз зорланып, қатыгездікпен өлті­ріл­гені дүйім жұртты дүр сіл­кін­дір­ді. Жоғалған қызды бір тәулік бойы іздеген құқық саласының қыз­меткерлері оның өртелген де­не­­сін қала сыртынан тапты. Бұл оқи­ға ел ішінде дүрбелең туғыз­ға­нымен, қылмысқа жауапты адам құрықталып, жағдай облыс шең­берінде саябырсыған. Ке­йін­­нен Шу мен Т.Рысқұлов ауда­нын­да да педофилдік фактілер тір­келгенімен, жергілікті билік бұл қыл­мыстарға да жауаптыларды жа­заға тартып, көпшілікті баса біл­ген. Алайда өткен жылдың со­ңында Тараз қаласындағы мек­теп дәретханасында 7-сынып оқушысының зорлануы шектен шығу болды. Оқиға болған күннің ертесіне мектепке жиналған ата-аналар балаларының қауіп­­сіз­дігін қамтамасыз ете алма­ған жауаптыларды жазаға тар­ту­­ды талап етті. Сол күні мек­теп ди­рек­­торынан бастап, бір­­қатар ма­ман қызметінен босатыл­ғаны­мен бұл бұқараның көңілін орнықтыра алмады. Артынша облыстық білім басқармасының басшысы да өз еркімен жұмыстан кетті. Бі­рақ халық тыныштала қоймады. Осы­ны бағамдаған Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласының әкімін де қыз­мет­тен алуды тапсырды. Бұл жа­за­­ның артынан құқық саласы мен білім беру бөлімінің де бас­шы­лары қызметінен кетті. Әрі жер­гілікті билік облыстағы бар­лық мек­теп­тер­ге дәретхананы ішінен ор­натып беруге уәде етіп, жағ­дай­ды қайта қа­лыпқа түсір­ген­дей болды.
Жалпы, бұл облыстағы кадр мәселесіне қатысты. Президенттің тікелей тапсырмасы болғаннан ке­йін Асқар Мырзахметовтің жұмы­сындағы олқылық екені айқын еді. Бұдан кейін Мырзахметов Мем­лекет басшысының сеніміне қай­та кіру үшін жанын сала жұмыс істеп, халықтың ойын басқа ар­на­ға бұруға тырысқанымен, кадр­ларынан тағы қадір қашты. Ал­ды­мен Меркі ауданы әкімінің ор­нын 50 мың долларға сатып алмақ болған орынбасардың әре­кеті әшкере болса, артынша об­лыс­тық кәсіпкерлік және ин­дус­­триалды-инновациялық да­мыту басқармасының басшысы қа­зына қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл жағдай­ды да реттеуге билік барын салғаны­мен, Қордай ауданындағы қақ­ты­­ғыс «қазанның» қақпағын ашып тастады. Қарапайым те­ке­ті­рестен басталып, соңы ұлт­­а­ра­лық араздыққа ұласқан жағ­­­дайға Пре­зиденттің тағы ара­­ла­суына ту­ра келіп, облыс әкі­мі­нің идео­ло­гия жөніндегі орын­ба­са­ры­нан бастап, облыстық Полиция де­пар­­таментінің басшысы, Қордай ауда­­нының әкімі және аудандық поли­ция бөлімінің басшыларын бір күнде қызметінен босатты. Сол күні кешкілік Жамбыл облысының экс-әкімі Асқар Мырзахметов те өз еркімен жұмыстан кетті. Жал­пы, Асқар Исабекұлының бұлай етпеуден басқа амалы да болмаған шығар. Себебі қасықтап жинаған абы­ройдың бір сәтте төгілуі кімге оңай соқсын?
Негізі Асқар Мырзахметовтің өңір әкімі кезінде Қордай ауда­нын­да тағы бір шулы оқиға болған-ды. Бел­гісіз азаматтар тұрғындардың үйіне басып кіріп, тонау фактілері жиілеп кеткен еді. Сондай-ақ бір адам ауыр жарақаттан көз жұм­ған. Бұған еліміздің Ішкі істер министрлігі араласып, арнайы құ­рыл­ған тергеу тобының күшімен қыл­мыскерлерді құрықтаған. Одан бөлек былтыр жергілікті құры­­лыс ком­паниялары тендер мә­се­лесіне қа­тысты еліміздің Бас про­кура­тура­сына шағым жолдап, бұл жайт та Мырзахметовтің мазасын қашырған. Осы қырынан келгенде экс-әкім қала құрылысы мен ауыл шаруашылығы саласына баса көңіл бөлемін деп, құқық са­ла­сы мен тұрғындар қауіпсіздігі сы­нды бағыттарды назардан тыс қалдырып қойған секілді. Себе­бі жоғарыда аталған барлық жайт­та тәртіп сақшылары жұ­мы­­сының салғырттығы анық аңға­ры­латындай.
Әрине, жақсы кадр жерде қал­майтыны белгілі. Алайда «баға дұ­рыс болмаса, нарықты бұзады» де­мек­­ші, басшының қосшылары дұрыс болмаса, тірнектеп жинаған абыройды бір сәтте төгетіні осы жолы анық аңғарылғандай. Осыны Мырзахметов ой елегінен өткізіп, бір байлам жасайтын шығар…
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

Дереккөз:aikyn.kz