Досым Сәтпаев: Ортақ валюта үшін Кремль Қазақстанға да қысым көрсетеді

1550
Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресеймен бірге бірыңғай ортақ валюта енгізуге қарсы еместігі туралы айтқан мәлімдемесінен кейін Қазақстанның да саясаткерлері мен сарапшылары пікір білдіре бастады.
«Қазақстан үшін бұл үлкен дабыл», деп жазды Досым Сатпаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
–Жағдайдың басқа жағынан қарасақ, Мәскеу «Батьканы» жаншып тастаған сияқты. Сөйтіп, оны тақтан тайдырып, орнына ресейшіл әлдебіреуді алмастыру оңай болады дегенді астарлап айтты-ау. Әлбетте, ақшалай «майшелпек» беруге де уәде берді. Олай болмаса, «Батька» кері жүріс жасауы мүмкін ғой. Бірақ бұл тақырыпты  Кремльдің өзі көтеріп отырғанын оның жүзінен-ақ байқауға болады. Бәрібір ол тыным таба алар емес.
Бірыңғай ортақ валюта туралы әңгіменің жалпақ жұртқа жария етіліп жатқаны бірінші рет емес. Келесі кезеңде менің ойымша, ЕАЭО-ның өзге қатысушыларына қысым жасау басталады. Еңбек миграциясы тұрғысынан қарағанда, тікелей Ресейге бағынышты Қырғызстан, Тәжікстан мен Армения анағұрлым қиын жағдайда қалады. Қазақстанға да қысым көрсетіле бастайды.
Егер ЕАЭО белсенді түрде эмиссиондық орталығы бар шағын СССР-ға ауысатын болса, бұл біздің егемендігімізге және ұлттық қауіпсіздігімізге ашық қауіп-қатер төнеді деген сөз. Одан әрі жағдай ушығады. Сыртқы саясатта Мәскеуден келісім алу, бірыңғай қорғаныс кеңістігін қалыптастыру, ортақ ақпараттық алаң, қос азаматтық және т.б.
Айтпақшы, осы аталған баптың бірнешеуі бұдан бұрын да ЕАЭО-ны құру жобасының бірінші нұсқасында болған.
Кремль  ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні болатын Қазақстандағы биліктің ауысуына дайындалып жатыр немесе дәл қазір істі асықтыруы ықтимал. Өйткені, дәл қазір еліміздің басында ЕАЭО-ның қолдаушысы отыр. Нақты айтқанда олар биліктегі өзінің «бесінші колоннасын» белсенді түрде қалыптастырып әрі қолдау арқылы Қазақстанның ішкі саясатына араласа бастайды…
Аударған: Мақпал Сембай