Шымкенттік кәсіпкер Эльмира Дүйсенқызы құқықтарын қорғауға уәде берген қоғам белсендісі Айгүл Орынбектің 10 миллион теңге алғанын айтып шағымданды. Кәсіпкердің сөзінше, заңгердің адвокаттық лицензиясының жоқтығы анықталып, уәде еткен қорғау қызметін орындай алмаған. Бұл жағдайдан кейін Эльмира заңгерді екіжүзділік жасады деп айыптап, полицияға арыз жазған. Алайда Айгүл Орынбек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, Эльмира Дүйсенқызымен арада заңды келісімшарт жасалғанын айтып отыр.
Айта кетсек, даудың басы – Шымкенттегі ҰҚК-нің экс-басшысы Манат Сарбасов пен бірқатар шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалғаны. Оған парақорлық, алаяқтық, өкілеттігін асыра пайдалану бойынша айып тағылды.
Іс бойынша куәгерлердің бірі жекеменшік мектеп директоры – Эльмира Дүйсенқызы. Ол 2007 жылы Манат Сарбасовпен танысқан. Сарбасов кәсіпкерді өз қамқорлығына алуға уәде берген. Эльмира екі жыл бойы жоқ қызметкерлерді жасыру үшін ай сайын миллион теңгеден пара берген.
Сондай-ақ Сарбасов өз туыстары мен таныстарын жұмысқа орналастыруды талап еткен. Сөйтіп жалпы заңсыз төлемдер 435 миллион теңгеге жеткен.
Кейін Дүйсенқызының өзі бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталған соң бәрі өзгерді. 2022 жылы сәуірде ол Сарбасовтан кем дегенде бір бөлігін қайтаруды талап етті, нәтижесінде ол 15 млн теңге делдал арқылы береді. Бұл жаңа тергеудің басталуына себеп болды. 2023 жылы қазанда Сарбасовқа қатысты іс қозғалды.
HALYQSTANмәліметінше, іс материалдарында блогер Айгүл Орынбектің екі тараппен де тиімді байланыс орнатуға тырысқаны айтылады. 2023 жылы Орынбек Сарбасовқа қарсы арыз жазған Эльмира Дүйсенқызымен кездесуді өзі сұрап, оған «құқықтарын қорғау» қызметін ұсынған.
stan.kz