ҚЫЗЫЛОРДАДА «ТАРИХИ ТҮРКІСТАН» КӨШПЕЛІ КӨРМЕСІ ӨТІП ЖАТЫР

1042
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының «Тарихи Түркістан» көшпелі көрмесінің ашылуы салтанаты өтті. Көрменің мақсаты – Түркістанның тарихи орнын, оның мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, тарихи мұраларды насихаттау, мәдени байланысты кеңейту, мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Көрмені Қызылорда облысында ресми іссапармен жүрген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Д.Абаев, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев бастаған қонақтар тамашалады.
Көрменің ресми ашылуына м әдениет ұйымдарының басшылары, оқытушы-профессорлар, өлкетанушылар, тарихшылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Көзейбаев түркістандықтарға шексіз алғысын білдіріп, музейлер арасында қарым-қатынастың одан әрі жалғаса беретіндігіне тоқталды. Қызылорда облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемовтың алғыс хатын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры М.Садықбековке табыстады.
Өз кезегінде М.Садықбеков көрме жұмысына сәттілік тілеп музей ісін дамыту жолдарына тоқталды. Қызылордалық әріптестерді Түркістанда көрме өткізуге шақырды. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Көзейбаевты алғыс хатпен марапаттап, музей-қорықтың баспа өнімдерін табыстады.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Д.Сәтбай Түркістанның қазақ тарихында алар орнының ерекше екендігін және көрмені облыс жұртшылығы ерекше ыстық ықыласпен қабылдайтындығын, сондай-ақ студенттерге насихаттайтындығын атап өтті.
Көрме жұмысы 2022 жылдың 21 қазанына дейін жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі