Мемлекет басшысының жұмыс сапары Шымкент қаласында жалғасты. Жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.
– Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 26 қыркүйектегі №1023 Жарлығымен аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін:«Парасат» орденімен Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газетінің бас редакторы Бақтияр Байдуллаұлы Тайжанов;
«Құрмет» орденімен Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ә.Марғұлан атындағы археология институты» РМК бас директоры Бауыржан Әбішұлы Байтанаев;
«Құрмет» орденімен Шымкент қаласы «№2 қалалық аурухана» МКК дәрігері Есенгелді Ибрагимұлы Бегешев;
«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ спортшысы Ксения Александровна Хан;
«Шапағат» медалімен Шымкент қаласы «№ 89 IT мектеп-лицей» КММ тәрбиешісі Әсем Мұхтарқызы Үсенова наградталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент жұртшылығымен кездесуінде сөйлеген сөзінен:
▪️ Шымкентті дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінді;
▪️ 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды;
▪️ қала бюджеті 4 есе өсті;
▪️ қаладағы өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артты;
▪️ аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды;
▪️ соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді;
▪️ соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды;
▪️ инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруға 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді;
▪️ жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі;
- Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған;
▪️ қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Осындай аса күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның сыртқы саясаты мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Біздің халықаралық аренадағы қызметіміздің басты мақсаты – Қазақстанның және халқымыздың мүддесі. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының үстемдігі үшін күресеміз. Біз халықаралық қатынастарда әділеттілік, ішкі істерге араласпау, мемлекеттің егемендігі мен территориялық тұтастығын құрметтеу қағидаттарын нығайтуды аса маңызды деп санаймыз.
Біздің сыртқы саясатымыз бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болады. Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін».
Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Былтыр стадионда футбол матчы болып жатқанда спорт кешенінің шатыры тудың тұғырын басып қалғаны елдің есінде. Сол кезде тұрғындар қауіп-қатерге қарамастан, шатырдың астынан Көк байрағымызды алып шықты.
Шынайы отаншылдық осындай әрекеттен көрінеді. Құр сөзден түк шықпайды. Алаңдарға шығып, жалған ұран тастап жүргендердің, меніңше, нағыз отансүйгіштікке ешқандай қатысы жоқ.
Қастерлі туымызды жерге түсірмей алып шыққан бірнеше жігіт бүгін ортамызда отыр. Олардың Отанға деген адалдығын жастарға үлгі етуіміз керек.
Осыған орай, мен Әбілқайыр Дәулетов, Бекмұрат Қараев және Нұркен Намазға Алғысымды жариялаймын».