АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛЕДІ

998

«Шымкент қаласында 84 844 зейнеткер бар. Оның 5-еуі Ұлы Отан соғысы ардагері болса, 2390-ы тыл ардагері. Сонымен қатар, қаламызда 55 859 көп балалы ана тұрады. Оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгісінің иегерлері 11 266-ны құрап отыр». Бұл туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова халықаралық қарттар күні қарсаңында өткен брифингте мәлімдеді.

Шымкенттің әр ауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығының бөлімшелері ашылып, зейнет жасындағы азаматтарға 4 сағаттттан екі ауысымда тегін арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп келеді.

— Халықаралық қарттар күні қарсаңында зейнеткерлерді сауықтыруға арналған тағы бір «Белсенді ұзақ өмір» орталығының бөлімшесі салтанатты түрде ашылмақ. Қаратау ауданына қарасты Жібек жолы көшесінде орналасқан орталық 4 сағаттан екі ауысымда 150 кісіге дейін қызмет көрсетуге бейімделген. Сонымен қатар, орталықта дәрігерлік тексеру, бильярд, теннис, садақ ату, ART терапия, инемен емдеу, еңбек терапиясы, бассейн сынды көптеген емдік жаттығулар қарастырылған, — деді Балмаржан Полатқызы.

Мамандардың айтуынша, зейнет жасындағы 9238 азаматты санаторлық емдеуді қамтамасыз ету қарастырылған. Тамыз айының қорытындысына сәйкес, 2040 кісі шипажайда ем алған. Сонымен қатар, 2500 ардагерге республикалық, облыстық және қалалық мерзімді басылымдарға тегін жазылым ұйымдастырылған.
Айта кетейік, мереке қарсаңында қаланың дамуына еңбегі сіңген ардагерлер мен қарттарды құттықтап, сый-сияпат табыстау жоспарланған.

«Шымкент келбеті»