Жапон премьері әке қабірінің басында Курильді қайтаруға ант берді

1049
Жапония мен Ресей арасында Қиыр Шығыстағы  аралдарға қатысты дау әлі басылған жоқ. Арагідік болса да, көтеріліп келеді. Қазір де қызған шағында десе де болады. Өйткені..
Биыл Ресей президенті Владимир Путин мен  жапон премьері Синдзо Абэ арасында кездесу өтпек. Жапон жағы бұл келіссөзге қызу дайындалып жатыр. Мұның себебі де бар. Себебі Куриль аралдарын қайтарудан үмітті. Бірақ бұл мәселе жапон тарапынан қызу көтерілгенімен, Ресей жағы әлі  нақты шешімін айтқан жоқ. Шешіле де қоймайтын шығар. Бұлай деуіміздің жөні бар. Өйткені Ресей билігінің  жүргізіп отырған қазіргі саясатына назар аударсақ, оны түсіну қиын. Әлі империялық пиғылынан айрылғысы келмейді. Ал ресми Токио  Курильден басқа, Кунашир, Шикотан, Итуруп және  Хабомаи аралдарын қайтарып алғысы келеді. Сондықтан Абэ де, жапон халқы да кездесуге үлкен үмітпен қарап отыр. Ал мәселенің қалай аяқталары белгісіз. Осы аптаның басында жапон үкіметінің басшысы Синдзо Абэ өзінің әкесінің қабірінің басына барып ант берді. Мұның да себебі бар. Өйткені бүгінгі премьердің әкесі Синтаро Абэ  1982-1986 жылдары Жапонияның Сыртқы істер министрі болып қызмет істеген. Сонымен қатар,  ССРО-мен Куриль аралдарын қайтаруға қатысты үлкен келіссөз жүргізген. Бірақ оның барлығы да нәтижесіз аяқталғаны белгілі. Енді міне сол келіссөзді жапон мүддесі үшін 32 жылдан кейін  баласы қайтадан Абэ қолға алып отыр.
Ол осыған орай Нагато қаласындағы әке зиратына зайыбымен барды. Басын иді.
–Мен әке қабірінің басына барып, ел мүддесі үшін барынша қызмет етуге тағы уәде бердім. Ресеймен жақын арада болатын келіссөзде Куриль аралдарын жапон халқына қайтаруға ант бердім.  Сөйтіп, бар күш-жігерімді жұмсап, бұл әңгімеге біз нүкте қоятын боламыз, –деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Сондықтан да бала -премьер «биылғы болатын кездесуді халықаралық тарихи маңызы бар  оқиға» деп бағалайды. Оның үстіне Ресей президенті Владимир Путин екі ел арасындағы бұрынғы мәмілені қайта қарауға мүмкіндік барын айтқан. Ресми Токио  да «1956 ССРО мен Жапония арасында қабылданған және қол қойылған бейбіт келісімді қайта қарау керек» деп есептейді. Бірақ екі жақ кездескенімен, мәміле бола қояр ма  екен?! Өйткені Мәскеу  тарапы алаңдайтын нәрсе бар. Егер Куриль аралдары жапондарға берілсе, АҚШ тарапы болашақта ел қауіпсіздігі үшін деп, ракеталық оқтұмсықтарын орналастыруы мүмкін. Бірақ Абэ Куриль аралдарына ешқашан ракеталық оқтұмсықтарды орналастырмауға уәде берді.
Ең басты мәселе, Ресей аталған аралдарды Жапонияға қайтарып бере ме? Қазір екі жақ тарапынан аралдарды бірлесіп игеру мәселесі де сөз болып жатыр. Бірақ өз мүддесі үшін ештеңеден тайынбайтын Ресей жапон жағына Курильді тегін бере салады  деу сенімсіз…
«Қамшы» сілтейді