Басты Қазақстан «Телеарналарға көзім түссе, қаным басыма шапшып шығады!..»
Белгілі журналист Серік Әбікенұлы інім өзінің Facebook-тегі парақшасына: «Тәуелсіздік мерекесінде тележобалар аздығына қарным да, жаным да ашып, телебезер жарықтықты шағып тастай жаздап едім, жаңа жылда «жарылқап» жатыр, шүкір. Телевизия саласы халықтыкі емес, телеменеджерлердің меншігі екенін сездіріп, әркім өз эфиріне мініп алып пәленше күннен бері құттықтап жатыр, рақмет дейік!», — деп жазыпты.
Басқаларды қайдам, бұл автордың жанайқайын өз басым жақсы түсінемін. Байырғы тележурналист, «Қазақ телевизиясының ардагері» ретінде Қазақстандағы жалғыз ұлттық арнадан бастап, Хабар, КТК, НТК, Алматы, Астана, 31 т.б. толып жатқан біздегі телеарналарға көзім түскен сайын қаным шапшып басыма шығатыны өтірік емес.
Мына Жаңа жыл күндері бұлардан өз басым іліп алар бір телехабар көрмедім. Қаптаған ырбақайлар мен жырбақайлар, фонограммамен өтірік ән шырқағыштар, ана аузы-бастарын қисаңдатқыш Қабатовтар мен «Түнгі студия» деген хабарсымақтарды жүргізетін сайқымазақтардан жалғыз менің ғана емес, барша қазақтың жүрегі айнитындай күнге жеткелі қашан!
Жоғарыдағылардың барлығы да осы мемлекетті құрушы нгізгі ұлт – қазақтарды ғана қорлауға кіріскендей әсер етеді. Меніңше, бұларды бетімен жібергендер – негізінен жоғары жақтағы олардың «құдайлары» болса, ал, сол «құдайлардың» қарамағындағы «ләпбай, тақсырлары!» екені айдан анық!
Мына Жаңа жыл, біздің қазақтардың көптен сағына күткен күні сияқты айды аспанға шығара дүркіретіп өткізердей, басқаларды қайдам, мына телеарналарға не болған соншалықты?
Өз басым олардан бір жібі түзу, адами, танымдық, тағлымдық телехабар көре алмадым. Сол баяғы дарақылана шапқылаған әртіссымақтардан аяқ алып жүру қиын еді…
Сонда бұл бейшаралар біздің қазаққа неге соншалықты өш? Оларға не жазды менің қайран қазағым?..
Жұмаш Көкбөрі