Президент облыстар мен ірі қалалар әкімдеріне қандай тапсырма берді?

1479
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігін әкімдерге берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстауға міндеттеді.
Ақордада өткен кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент әкімдеріне тапсырмалар берді.
ҚР Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы әкімдерге экономиканың өсімін, инвестиция тарту ісін қамтамасыз етуге, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, өңірлердегі инфрақұрылымдық және экологиялық өткір проблемаларды шешуге, су тасқынының алдын алуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын және әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге, көктемгі егіс жұмыстарына дайындық пен оны жүргізуді ұйымдастыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Берілген тапсырмалардың бәрін қатаң бақылауда ұстау Президент Әкімшілігіне тапсырылды, – делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақты екенін және мемлекеттік бағдарламалардың дәйекті түрде жүзеге асырылып жатқанын, кейбір бағыт бойынша жұмысты жандандыру қажет екенін айтты.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дана саясатының арқасында ең қиын кезеңдерге табысты төтеп беріп, экономиканың өсу қарқынын қамтамасыз еттік және халықтың әл-ауқатын арттырдық. Қазіргі таңда осы қарқынды сақтауды, жұмыс тәсілдерін жетілдіруді және жүктелген міндеттерді сапалы орындауды қамтамасыз ету қажет. Басты мақсат – азаматтарымыздың әл-ауқатын және болашаққа деген сенімін арттыру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасарлары Жеңіс Қасымбек пен Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов есеп берген.
Айта кетейік, бұған дейін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен кеңес өткені хабарланған еді. Президент әкімдерге әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін 40 мыңнан астам пәтер салуды жеделдетуді тапсырды.
Дереккөз:baribar.kz