Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке «қастандық жасады» деп айыпталған «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембай 9 жылға сотталды. Істі қараған судья Әбинұр Қарабаев сот тергеуінде күдіктінің кінәсі толық дәлелденгенін айтты. Ернар Жиембайдың өзі үкіммен келіспеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкім
20 тамызда Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімі Руслан Берденовке «қастандық жасады» деп айыпталған Ернар Жиембайдың сотында үкім оқылды. Судья Әбинұр Қарабаев Жиембайды кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.
— Жиембай Ернар Жиембайұлы қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі арқылы 99-бабының 1-бөлігімен қарастырылған қылмыстық құқық бұзушылық белгілерімен кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 9 жыл мерзімінде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, – деді судья.
Бұған дейін айыптаушы прокурор оны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыруды сұраған.
«Үкіммен келіспеймін, менің өлтіру ниетім болмаған»
Ернар Жиембай сот үкімімен келіспеді. Ол тағылған айып тым ауыр екенін айтты. Сөзінше, оның Руслан Берденовті өлтіру ойы болмаған, тек қорқыту мақсатында оған қарсы мылтық атқан. Жиембай бұған дейінгі сот отырысында Берденовтен кешірім сұраған.
— Үкіммен келіспеймін, менің өлтіру ниетім болмаған. Руслан Арысбекұлының қорқыныштан айтып жатқан сандырағы деп ойлаймын, «Мені өлтірмекші болды» деп. Өздеріңіз видеодан көргендей, мен өлтіретін болсам, қаштырмас едім оны… Осы тоғыз жылын болса тоғыз жылын. Бірақ әділ, адам өлтіру ниетінсіз, «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабымен соттасын. Себебі нақты аяқталған қылмыс сол – денсаулығына ауыр зиян келтірген. Болды. Биологиялық өлім болмаған, – деді ол.
Жиембай «Руслан Берденов әйеліме қатысты, намысыма тиетін сөздер айтты» деп тағы қайталады. «Оған қарсы мылтық атуыма осы себеп болды» деді.
— Біріншіден, ол кісі мені себепсізден себепсіз шақырды. Дөрекілік көрсетті. Ақымақсың, шашың түсіп қалған деп жағамнан ұстады. Көмекшісінің өзі, құрылыс басқармасының басшысы да айтты. Берденов құрылыс басқармасының басшысына «Жиембайды соттатамын, себебі көмекшіме мінез көрсетті» деп айтқан. Екіншіден, ол кісімен жолығу жолын іздеген себебім ол Forbes-та, билікте тұрған адам. Екінші рет мені соттатпаңыз, арамызда дұрыс емес қарым-қатынас болмасын деген мақсатта кездесейін дегенмін. Сол кірген кезде болған оқиға сол. «Әйелің анандай болады, сені соттатамын» деген әңгімелер. 21 сәуір күні ол мені өзі шақырды, – дейді Ернар Жиембай.
Ол сот залынан шығып бара жатып «Намысымды таптаттың» деп әлдекімге айқайлады.
18 тамызда өткен сот жарыссөзінде Руслан Берденовтің қорғау тарапы Ернар Жиембайға тағылған айыппен келіспейтінін айтқан. Олар айып 99-баптың 1-бөлігі емес, 2-бөлігі бойынша қозғалуы керек деген. Қандай үкім шықса да осыған байланысты алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіреміз деген.
Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пірәлиев сот үкімін алғаннан кейін апелляциялық шағым түсіруге байланысты адвокаттарыммен ақылдасамын деді. Сөзінше, тергеу бір жақты өткен.
— Бізді тергеу барысында қатыстырмады. Бір жақты өтті тергеу. Сараптамаға өткізген кезде Берденовтің костюмы жоқ. Берденовтің майкасы жоқ. Менің арыз жазуыммен 45 күннен кейін костюмын тауып алып келді. Оның костюмі ме, басқаның костюмі ме 45 күннен кейін сараптамаға берді. Сосын «көптеген бытыра жарақаты» деп берген сараптамада. Мен айтамын, дұрыс қой, менің балама айып тағылған, түрмеде жатыр. Енді сіздер «көптеген бытыра жарақаты» дегенді дәлелдесеңіздерші. Қайда бытыраның оғы деп жаздым. Оны да 25 күннен кейін 3 бытыра табылды деп сараптамаға берді. Тек менің жазуыма байланысты ғана қимылдап отырды, – деді ол.
«Берденов лайк басып, смс жазумен шектелмеді»
Жиембай Пірәлиев келіні Луиза Алдановаға Руслан Берденов лайк басып, смс жазумен шектелмеді деді. Бірақ Берденовтің не істегенін нақты ашып айтпады.
— Тиіскен, тиіскен. Мен өзімнің шекарамнан өтпейін, – деді ол.
«Танымаймын, көрмедім, білмеймін»
18 тамызда Руслан Берденов сотқа онлайн қатысып, Луиза Алданованы көрмегінін, танымайтынын айтқан. Ол өзіне қарата айтылған айыптардың барлығын жоққа шығарған.
«Жоқ танымаймын. Көрмегенмін. Білмеймін. Луиза Алданованың сол күні берген жауаптары бар ғой. Ол да сонда растап тұр. Біз көріспегенбіз. Шынымды айтсам, оның кім екенін де білмеймін Тағы да қайталап айтамын, мен мұны полиграфпен де, шындық детекторымен де қайталап айтуға дайынмын», – деді Берденов.
«Маған мәлімдеме жаса деп, мәтін берді»
Жиембай Пірәлиев оқиға болғаннан кейін Руслан Берденов кешірім беремін деген соң мәлімдеме жасауға мәжбүр болдық деді. Сөзінше, жазып берген мәтінді де оқыған. Келіні де мәлімдеме жасаған.
— Мен ресми мәлімдеме жасадым. Келінім неге ресми мәлімдеме жасады? Оның басты түбі біз ауруханаға барғанда Сырым Тау, Нұржан көмекшісі болды, ағайын-туыс бәріміз отырып мәмлеге келдік. Сіздер БАҚ-қа шықпайсыздар, бізде шықпаймыз кешірім беретін болсаңыздар дедік. Маған мәлімдеме жаса деп, мәтін берді мен жасадым. Арада күндер өтті, кешірім жоқ, қайтадан бардық. Келініңіз жасасын мәлімдеме деді. Келінге де жаса дедік, жасады. Кешірім жоқ, – деді ол.
Қылмыстық іс
Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 21 сәуірде сотталушы Ернар Жиембай Шымкент қаласы құрылыс басқармасының салынып жатқан объектілерге мониторинг жүргізу бөлімінің бастығынан ақпарат алған. Ол Жиембайға әкімнің орынбасары Руслан Берденовтің нұсқауы бойынша «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы қызметінен өз еркімен кетуі керектігін айтқан.Осыдан кейін «кек алу» мақсатында оған қарсы оқ атқан.
Шымкент әкімінің орынбасары 40 жастағы Руслан Берденовке сәуір айында «қастандық жасалып», оқ тиген шенеунікке шұғыл ота жасалған.
Мамыр айында Берденов жағдайы тәуірлеп, қалыпты өмірге дайын екенін мәлімдеген. Маусымның соңында Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.
28 шілдеде сот процесі басталғанда Руслан Берденовтің ем алып жатқаны белгілі болды. Адвокаттары оның сотқа қатыса алмайтынын айтты. Ернар Жиембайдың қорғаушылары оған сұрақтары барын айтып, сотқа шақыруды талап етті. 18 тамызда Берденов сотқа онлайн қатысып, жауап берді.