ТҰРҒЫНДАР ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ: АРЫСТА ОҢАЛТУ БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ

9

Арыс аудандық орталық ауруханасында тұрғындардың сұранысы негізінде ашылған 10 төсектік оңалту бөлімшесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан жарақат алған, күрделі отадан өткен және денсаулығын қалпына келтіру емін қажет ететін азаматтарға арналған оңалту орталығын ашу жөнінде көптеген ұсыныстар айтылып келген болатын. Халықтың бұл өтініші ескеріліп, аудандық Орталық аурухана базасында заманауи талаптарға сай оңалту бөлімшесі пайдалануға берілді.

Жаңа бөлімше орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының қызметі бұзылған пациенттерге, сондай-ақ жоспарлы операциялардан кейін қалпына келтіру емін қажет ететін азаматтарға қызмет көрсетеді. Мұнда аурудың немесе жарақаттың жіті кезеңі аяқталғаннан кейін оңалту әлеуеті бар науқастар ем қабылдай алады.

Бөлімшеде реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, массаж мамандары және физиотерапия кабинеттерінің мейірбикелері қызмет атқарады. Олар пациенттердің сауығу процесін жеделдетуге бағытталған кешенді оңалту шараларын жүргізеді.

Оңалтудың негізгі әдістерінің бірі ретінде емдік дене шынықтыру кеңінен қолданылады. Арнайы жабдықталған ЛФК залдарында жаттығулар жеке және шағын топтармен өткізіледі. Әр пациенттің денсаулық жағдайына қарай жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар бөлімше заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған.