Түркістан облысында «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 4 отбасыға баспана берілді

1641
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев есептік жиында әлеуметтік қолдауда әділеттілікті қамтамасыз ету және азаматтарды еңбекке ынталандыру мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесі жетілдірілгенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысының айтуынша, өңірде әрбір отбасының табысын есептеу кезінде көптеген әлеуметтік төлемдер алынып тасталған. Ал, 1 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілген. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардан бөлек «Nur Otan» партиясының бастамасымен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды кедейлік деңгейінен шығуға ынталандыратын «Қамқорлық» бағдарламасы әзірленген.
«Бағдарлама аясында тиімді жұмыспен қамтуға және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Отбасыларды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету нәтижесінде оларды өмірлік қиын жағдайдан кезең-кезеңмен шығару көзделуде. Аталған бағдарлама аясында жүргізілген жұмыстар барысында жағдайы тым төмен әрі кризистік және қанағаттанарлықсыз деңгейде өмір сүріп жатқан 1643 отбасы анықталып, олардың әрқайсысына материалдық көмек пен қажетті кеңес беретін арнайы кураторлар тағайындалған»,- деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімінің сөзінше, қазірдің өзінде бағдарлама басталғалы бері өмірлік қиын жағдайға тап болған 900-дан астам отбасыға 45 млн теңгенің демеушілік көмегі көрсетілген. Ал, 4 отбасыға кәсіпкерлер тарапынан үй сатып алынған. Бұдан бөлек, «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы жанұя мүшелерін жұмысқа тұрғызу, оқыту және өзге де мәселелері аудан, қала әкімдерінің бақылауында болады.