«Түрмеге отырады»: Тоқаевтың тапсырмасы қалай орындалады?

933
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске кедергі жасайтын мемлекеттік қызметшілерді қылмыстық жазаға тарту тетігін енгізуді тапсырған болатын
Сыбайлас жемқолыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың айтуынша, бұл мәселені кеңінен зерделеу керек. Себебі шетелдің тәжірибесі әртүрлі.
«Негізі, шетелде мемлекеттік қызметкердің заңсыз әрекеті жеке меншік компанияны шығынға батырса, қылмыстық жаза қарастырылған. Жазалаудың мерзімі де әртүрлі. Ондай тәжірибе бізде болса, мемлекеттік қызметкерлерді нақты қанша жылға соттайтынын айта алмаймын. Тәжірибе әралуан, мысалдар да көп. Бұл мәселені кеңінен талқылау қажет. Меніңше, бұны «Атамекен» палатасы зерделеп, өз ұсыныстарын жасайды», — деді Сабырбаев бүгінгі баспасөз мәслихатында.
Ал бизнес пен инвестицияларды қорғау жөніндегі жобалық кеңсенің менеждері Айдос Мамыттың сөзіне қарағанда, президенттің тапсырмасына қатысты ұсыныстар дайындалса, міндетті түрде агенттіктің қарауынан өтеді.
«Оны барлық мемлекеттік орган талқылайды. Одан кейін міндетті түрде біздің қарауымыздан өтеді. Себебі мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі бойынша жұмыс істейтін бірден-бір орган – біздің мекемеміз. Сондықтан оны бізбен бірге келісіп жасайтын болады», — деді Мамыт Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Тоқаев қандай тапсырма берді?
Осы аптаның басында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнесті қорғауға қатысты тапсырма берді.
«Отандық бизнесті қолдау қажет. Ал оны дамытуға кедергі болатындарды, негізсіз тексерістер өткізетіндерді, алым-салық пен рейдерлік жасайтындарды қатаң жазалау қажет. Меніңше, мемлекеттік органдардың жұмысын криминализациялаудың кезі келді. Заңда бизнеске тосқауыл жасағаны үшін қатаң шараны қарастыру қажет. Тіпті, қылмыстық жазалау да болуы шарт. Ондай шаралар бірқатар елде бар. Бизнестің дамуына кедергі жасайтын шенеуніктер түрмеге отырады», — деді Тоқаев.
Осыған байланысты мемлекет басшысы үкіметке тиісті заңнамаға өзгеріс енгізуді тапсырды.