Шымкент қаласында отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және этностар арасындағы мәдени байланысты нығайтуға арналған дәстүрлі «Корей отбасы күні – 2025» мерекесі ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлігіміз – әралуандықта» жобасы аясында қолға алынған іс-шара жергілікті тұрғындар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орны – «Alpen Park» аумағында өтті.
Іс-шараның ресми ашылуы корей халқының дәстүрлі өнері – Самульнори музыкалық қойылымымен басталды. Мерекелік бағдарлама барысында қонақтарға ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сабақтары ұсынылып, соя пастасын әзірлеу мен дәстүрлі салаттарды дайындау тәсілдері көрсетілді.
Сонымен қатар, мерекенің ерекше сәттерінің бірі – дәстүрлі чартоги дайындау рәсімі. Қатысушылар күрішті бірге ұрып, ұлттық тағамды әзірлеу процесіне белсенді қатысты. Бұл рәсім қонақтарға этностық дәстүрлердің мән-маңызын сезінуге мүмкіндік берді.
Қонақтарға корей асханасының дәстүрлі тағамдары – салаттар, чимпени, сиряги тямури және арнайы дайындалған чартоги ұсынылды. Балалар үшін аниматорлар ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырса, кешкісін ашық аспан астында концерт өткізіліп, ән мен би қойылымдары ұсынылды.
Айта кетейік, қала әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Ғ.Сыздықбековтың «Қалалық ҚХА құрылымдарына қолдау көрсету мақсатында арнайы әлеуметтік тапсырыстар мен гранттар беру механизмін қолданыстағы заң шеңберінде қамтамасыз ету туралы» тапсырмасы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар алдағы уақытта жүйелі жалғасатын болады.
Мұндағы мақсат – қалалық ҚХА жанында әрекет ететін этномәдени бірлестіктердің «Мәдениеті, тілі және салт-дәстүрі күнін» өткізу арқылы олардың әлеуетін ел бірлігін бекемдеуге, этностар арасында мемлекеттік тілдің біріктіруші рөлін күшейтуге, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизм идеалдарын жұмылдыруға тартуды көздейді.
Мереке барысында этностардың мәдени байлығы мен рухани үндестігі көрініс тауып, түрлі ұлт өкілдерінің өзара қарым-қатынасы одан әрі нығая түсті. Осындай іс-шаралар қоғамдық келісім мен бірлікті бекемдеудің жарқын үлгісі бола отырып, көпэтносты қоғамда өзара құрмет пен түсіністікті қалыптастыруға үлкен үлес қосады.