Шымкентте әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтарда «Аshyq»қосымшасы іске қосылды

986

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен оған қарасты барлық 10 коммуналдық мемлекеттік мекемеде коронавирус індетінің белең алуына қарсы «Ашық» мобильді қосымшасы орнатылды. Қызмет алушылардың қауіпсіздігі мақсатында аталған нысандарға тек «Ашық» қосымшасымен тексеру арқылы кіруге болады. Сақтық шараларын қадағалау үшін әлеуметтік мекемелер бетперде, антисептик сынды барлық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

Бүгін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшылығы карантин режиміне сәйкес бағынысты мекемелердегі санитарлық талаптардың қадағалануы мен қосымшаның қолданылуын бақылады.

Басқармаға қарасты мекемелер мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетсе, одан бөлек басқарма халықты жұмыспен қамту, ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдау, азаматтық құқықтық актілерін тіркеу мен көші-қон мәселесі және оралмандармен жұмыс жасайды. Халық көп шоғырланатын мекемелер болғандықтан пандемияға байланысты қауіпсіздік шараларын қадағалау аса маңызды.

Сондай-ақ, жыл басынан мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беруі іске қосылды. Яғни, мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерді өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы тапсырыс беруге қол жеткізілді. Әлеуметтік портал мен ЭЦК-мен жұмыс жасау үшін мүгедектігі бар азаматтарға басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған және қызметкерлер әр азаматқа жеке-жеке көмек беруде.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі