Шекара маңындағы жерлер шетелдіктерге берілмейді – сенат заң қабылдады

1010
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқтарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктердің қатысуы бар қазақстандық заңды тұлғаларға беруге тыйым салу көзделген
Парламент сенаты мемлекеттік шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге беруге тыйым салатын заңды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Заң жобасы 13 кодекс пен 29 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
«Заң жобасында мемлекеттік шекара маңында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетелдіктердің қатысуы бар қазақстандық заңды тұлғаларға беруге тыйым салу көзделген», — делінген сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің қорытындысында.
Бұдан бөлек, заң жобасының негізгі түзетулері жер ресурстары саласындағы мынадай нормаларды көздейді: ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін босалқы жерлерге ауыстыру жағдайларын шектеу; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ұтымды пайдаланылуына бақылау жасау тетігін жетілдіру; ауыз су сапасындағы жерасты суларын пайдалануға рұқсат беру талаптарын нақтылау.
Сондай-ақ, жануарлар мен өсімдіктер әлемі саласындағы браконьерлік мәселелері бойынша әкімшілік және қылмыстық заңнамалардың нормалары қатаңдатылды.
Заң жобасында көзделіп отырған өзгерістер заңнамалық базаны жетілдіре отырып, еңбек өнімділігін еселеуге, сондай-ақ өңделген өнім экспортын ұлғайту арқылы агроөнеркәсіп кешені саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қолайлы мүмкіндіктер қалыптастырмақ.
Сенат депутаттары заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, қабылдады.