ШЫМКЕНТ: АСАР-2 ЕЛДІ МЕКЕНІ ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТЫЛУДА

642

Шымкент қаласы Асар-2 елді мекені инфрақұрылыммен қамтылуда, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Шымкенттегі Асар-2 елді мекенін сапалы ауыз су, электр қуаты және табиғи газбен қамту құрылысы 2021 жылы аяқталып, 2700-ден астам абоненттің мәселесі шешімін тапты. Алайда, шағынауданда инфрақұрылым жобаларына енбеген мыңға жуық тұрғын үй бар. Жыл соңына дейін қалған аумақтарды ауыз сумен қамту құрылысының ІІ кезеңі аяқталады. Қазіргі уақытта ішкі орам жүйелеріне құбыр тартылуда.

Сондай-ақ, аталған елді мекенде табиғи газбен қамту жұмысы жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылыстың 40%-ға жуығы аяқталды. Жоспар бойынша пайдалануға 2023 жылы берілмек. Бұдан бөлек, Асар-2 елді мекенінде кәріз құрылысы қарқын алуда. Ішкі орамдық кәріз құбырының жалпы ұзындығы 39,6 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 60%-дан астамы орнатылды. Нысан келесі жылы қолданысқа беріледі.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен. Биыл қаладағы 9 нысанда құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда.

Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр, дейді мамандар.