ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕРЛЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫН ҚОЛҒА АЛДЫ

575

Шымкенттік дәрігерлер қайырымдылық шарасын қолға алды, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Қалалық №1 клиникалық аурухана хирургтары балаларды тегін сүндеттеуде. Екі күнге жалғасатын игі шара барысында дәрігерлер жалпы 100 балаға осындай тегін операция жасауды жоспарлап отыр. Алғашқы күннің өзінде келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Себебі, тегін сүндеттеу – әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған жанұялар үшін едәуір көмек. «Оташы мамандар жасаған сүндет балаларға жеңіл әрі қолайлы болды», — дейді ата-аналар. Қала тұрғыны Фатима Мұсаева бүгінгі сүндеттеу қайырымдылық шарасына бес немересін алып келіпті. Ол көп балалы отбасылар үшін мұндай игі шара зор қолғабыс екенін айтады.

Айта кетейік, бұл игі шара қалалық №1 клиникалық аурухана мен «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоры жасаған екі жақты меморандум аясында өтуде. Шымкенттік дәрігерлер тегін сүндеттеу акциясынан бөлек, осы қорда тіркеуде тұрған аналарға тегін диагностикалық тексеру өткізіп, дәрігерлік кеңес берді. Қайырымдылық шарасы аясында дәрігерлер 17-18 тамыз күні 100 бала мен 100 анаға тегін медициналық қызмет көрсетпек. Айта кетейік, Шымкент қаласындағы «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қатбаев Сакен Арыстанұлының бастамасымен игі шара өткен болатын. Шара аясында кәсіподақ басшылығының қолдауымен жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын балаларға мектепке қажетті құрал жабыдықтар толы сөмке таратылды.

Игі бастама «Бірінші сыныпқа бірінші рет!» акциясы аясында өтті. «DENSAULYQ» қоғамдық бірлестігі көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, материалдық қолдауға мұқтаж отбасылардың тізімін жасаған. Нәтижесінде бірінші сыныпқа баратын 214 баланың тізімі жасақталып, оларға оқуға қажетті жабдықтар таратылды.