ШЫМКЕНТТЕ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ ӨТТІ

824

Шымкентте қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен Алаштың арда ұлы – А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында «Салт-дәстүрдің саңлағы һәм ұлт ұстазы» атты жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Жыр додасына Шымкент қаласы мен Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласынан келген 10 айтыскер ақын қатысты. Ақындардың өнеріне ҚР Мәдениет қайраткері Бекарыс Шойбеков, ақын, «Парасат» орденінің иегері Ханбибі Есенқарақызы және филология ғылымдарының кандидаты Мамыт Амангелді Алтыбайұлы қазылық етті.

Айтыста сахнаға көтерілген 5 жұп ұлы ұстаздың ұлт руханиятындағы орнын жырларына арқау етіп, шешен тілдің шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде І орынды шымкенттік бала ақын Аллажар Сапархан қанжығасына байласа, ІІ орынды Сарыағаш ауданынан келген Елсияр Құлахмет еншіледі. Жүлделі ІІІ орынды Отырар ауданының ақыны Баянбай Ахметрасул иеленді. А.Байтұрсынов атындағы арнайы жүлде Нұр-Сұлтаннан келген Аян Ниязбектің қанжығасына байланды. Айтысқа қатысқан барлық жас ақынға арнайы сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.

Айта кетейік, жақында Абай Құнанбайұлының туғанына 177 жыл толуына орай, «Күміс домбыра» айтысы өтті. Өнер сайысы биыл екінші рет Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығы және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ақын мен 16 айтыскер қатысты. Алдымен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен талантты жастардың өнер күнгей өңіріне ғана емес, елімізге танымал ақын Бекарыс Шойбеков бастаған әділқазылар алқасы бағалады. Әділқазылар құрамында белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, Шымкенттегі өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова, «Алтын домбыра» жүлдесінің үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова бар. Сонымен, сайыс нәтижесі бойынша түркістандық Даниял Болысбек бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға күміспен апталған домбыра табыс етілді.