Түркістан облысында волейболдан халықаралық «Достық» турнирі өтті

1376
Түркістан облысы, Сайрам ауданында волейболдан халықаралық «Достық» турнирі өтті. 
Жарыстың ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен мәслихат депутаттары, Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысылығы мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған спорттық шараға Қырғызстан және Өзбекстан Республикаларынан, Алматы облысы мен Тараз қаласы, Сайрам және Қазығұрт аудандарының кәсіби ойыншыларынан құралған 6 команда бақ сынады. Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің қолдауымен өткен спорттық сайыс екі күнге жалғасты.
Турнир барысында үздік нәтиже көрсеткен команда Алматы облысынан келген «Буравестник» волейбол командасы болды. Бірінші орын алған командаға қаржылай 500 мың теңге көлемінде сыйлық берілді. Ал, екінші орынға Түркістан облысынан келген «Қарабұлақ» командасы тұрақтады.
Жүлделі үшінші орынды Қазығұрт ауданынан келген «Динамо» командасы жеңіп алды. Сайысқа қатысқан өзге де командалар мен олардың жаттықтырушыларына әртүрлі номинациялар бойынша қаржылай сыйлықтар мен сертификаттар табысталды.
Айнұр Ақбаева