Үкімет жаппай жалақы көтеру басталатынын жариялады

718

Автор:Жанат Ардақ

Спортшылар, студенттер, дәрігерлер, педагогтер, ғалымдар, мұнайшылар, теміржолшылар – жаппай жалақы көтеру тағы кімдерге қатысты болады?

Бұл тосын жаңалықты Ұлттық экономика министрлігі жариялады.

Бұл бас экономист Әлібек Қуантыров командасының кезекті ұсынысы емес. Бұл – тікелей Қ. Тоқаевтың тапсырмасы. «Қасіретті қаңтар» оқиғаларына байланысты Мәжілістің отырысында сөз сөйлеген Президент бұдан былай азаматтардың әл-ауқаты және олардың әлеуметтік көңіл-күйі – басты мәселеге айналатынына және әрдайым мемлекеттің назарында болатынына уәде етті.

«Цифрлармен ойнауды қойып, нақты істерге көшу керек. Әйтпесе меморгандар қалыптасқан күрделі ахуалды «өнімді өзін-өзі жұмыспен қамтығандар», «бейресми өзін-өзі жұмыспен қамту» сияқты терминдермен бүркемелеуге әуестеніп алды. Салдарынан көптеген адам жұмыссыздық, әлеуметтік қорғансыздық құбылысы алдында жалғыз қалады. Бұл әлеуметтік-еңбек саласын сапалы жаңғыртуды талап етеді. Осы мақсатта шаралар кешені қабылданады», – деген Тоқаев Үкіметке ел табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді жүктеді.

Тапсырманы орындау аясында экономика ведомствосы «Халықтың кірісін арттыру бойынша 2025 жылға дейінгі шаралар кешенін» әзірледі.

Кімнің жалақысы күрт көтерілуге тиіс?

Құжат денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, басқа сала жұмыскерлерінің орташа жалақысын ұлғайтуды қарастырады. Экономика министрлігі бәрі қаржымен қамтамасыз етілгеніне сендірді.

1. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы орта есеппен 561 мың теңгені құрайтын болады. Осы мақсатта республикалық бюджеттен (РБ) 431,8 миллиард теңге бөлінеді (2022 жылы – 162,7 млрд, 2023 жылы – 269,1 млрд). Бұған қоса, МӘМС қоры есебінен 98,5 млрд теңге (2022 жылы – 30,8 млрд, 2023 жылы – 67,7 млрд) аударылады.

2. 2023 жылға қарай орта медициналық персоналдың жалақысы орташа 210 мың теңгені құрауға тиіс. Осыған жеткізу үшін РБ-дан 186,4 млрд теңге (2022 жылы – 92,4 млрд, 2023 жылы – 124 млрд), МӘМС жүйесінен 141,8 млрд теңге (2022 жылы – 44,3 млрд, 2023 жылы – 97,5 млрд) беріледі.

3. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің лауазымдық жалақысы 25%-ға көтеріледі. Нәтижесінде, еліміз бойынша 600 мыңнан астам педагогтің жалақысы артпақ. Оған РБ-дан 3 трлн 59 млрд теңге (2022 жылы – 822 млрд, 2023 жылы – 1 трлн 118 млрд, 2024 жылы – 1 трлн 118 млрд) бөлінеді.

4. Биылғы жыл ішінде Мәдениет және спорт министрлігіне ведомстволық бағынышты шығармашылық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен басшы жұмыскерлерінің жалақысы 75%-ға немесе қазіргі 163 мың теңгеден 353 мың теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл бюджетке 2,9 млрд теңгеге түспек.

5. Биылдан бастап, базалық қаржыландыруға қосу арқылы жетекші ғалымдардың жалақысы жоғарылайды. «Бұл шара 2022–2024 жылдар аралығында жүреді. Нәтижесінде, ол отандық ғалымдардың ғылыми әлеуеті мен құзыреттерінің өсуіне, 74 ғылыми-зерттеу институтының кадрлық әлеуетін нығайтуға, 1 200 жетекші ғалымның еңбекақысын 69%-ға арттыруға ықпал етеді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 7,5 млрд теңге: 2022 жылы – 2,5 млрд теңге, 2023 жылы – 2,5 млрд теңге, 2024 жылы – 2,5 млрд теңге бағытталады. Сондай-ақ 7,5 млрд теңгеге қосымша қаржы іздестіріледі», – деп мәлім етті Экономика министрлігі.

6. Біржолғы гранттық конкурстарда көрсеткен нәтижелеріне қарамастан, іргелі-фундаменталды зерттеулермен айналысатын 11 ғылыми-зерттеу институтын тікелей қаржыландыру артады. Бұл шараны 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асыру көзделген. Жалпы штат саны 1 116 адамнан тұратын 11 ҒЗИ конкурстық рәсімдерден тыс кепілді жалақыны алатын болады. Бұларға РБ аясында 19,8 млрд теңге қарастырылады.

7. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жұмыскерлерінің жалақысына 34% қосылмақ. Бюджеттен 4,6 млрд теңге бөлінеді.

8. Биылдан бастап, БҒМ, ДСМ-ге қарасты ЖОО-ларда оқитын жастардың шәкіртақысы өседі: ЖОО студенттерінікі – 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе, магистранттар мен докторанттардыкі – 1,5 есе. ДСМ желісі бойынша студенттердікі: бакалавриатта – 20%-ға, магистратура, докторантура, резидентурада – 15%-ға. Бұл шара 130 мыңға жуық студенттің кірісін арттырады, олардың ата-аналарының кірісін сақтауға мүмкіндік береді және оқыту сапасына жағымды әсерін тигізеді. Бюджеттен бұған 133 млрд теңге жұмсалмақ.

9. 2022 жылы чемпиондар мен жүлдегерлер саналатын спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемақы қазіргі 24 АЕК-тен (73 512 теңгеден) 100 АЕК-ке (306 300 теңгеге) дейін көбейтіледі.

Ең төменгі жалақы енді жыл сайын артуы мүмкін

10. Бюджеттен төлемақы алатын спортшылар саны күрт артады. 2022 жылы олардың әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру, спорт резервін қалыптастыру және жүлде алушылар санын өсіру үшін спорттың 170 түрі бойынша спортшылардың штат саны бүгінгі 1 000-нан 3 000 бірлікке дейін ұлғайтылады. Бұл мақсатта жыл сайын 5 млрд теңге қосымша шығындалады.

11. Спорт төрешілеріне төленетін ақы биыл өседі: «Халықаралық жарыстардың, Олимпиада ойындарының төрешілігіне тартылатын қазақстандық жоғары білікті спорт төрешілерінің санын көбейту» мақсат етіліп отыр. Бүгінгі күні судьялықтың бір күніне 1 239 теңге ғана төленеді. Енді ақыны төрешілердің санатына байланысты 60-100%-ға (17 697 теңгеге) жеткізу жоспарлануда (2,7 млрд теңге талап етіледі).

12. Жалақы өсіру науқанының жемісін мұнайшылар, пошташылар, теміржолшылар, авиакомпания мамандары, энергетиктер, химия өнеркәсібіндегілер термек. Осы айдан бастап, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, ұлттық компаниялар өз қызметкерлерінің бірқатар санатының жалақысын көтеруі қажет. «Бұл ретте төмен лауазымдарға баса назар аудара отырып, өндірістік қызметкерлердің жалақысы саралап ұлғайтылады. Нәтижесінде, «Самұрық-Қазына» қорының компаниялар тобындағы әкімшілік-басқарушы басшылық персонал мен өндірістік персоналдың жалақысындағы алшақтық мұнай-газ саласында – 10-30%-ға дейін, энергетика саласында – 10-32%-ға дейін, химия саласында – 24%-ға дейін, темір жол, әуе тасымалдары саласында – 30-40 мың теңгеге дейін, пошта байланысында – 7-25%-ға дейін қысқартылады», – деп түсіндірді экономика ведомствосы. Бұл сонда қанша адам? Мұнай-газ саласында – 50 мыңға жуық жұмыскердің, энергетика саласында – 17,8 мыңдай жұмыскердің; химия саласында – 12 мыңдай; теміржол және әуе тасымалы саласында – 100 мыңға жуық, пошта байланысында 14 мыңға жуық жұмыскердің жалақысына ақша қосылуға тиіс.

13. 2022 жылғы наурызда «Самұрық-Қазына» қорына, ұлттық компанияларға қызмет көрсететін мердігер, сервистік компаниялар қызметкерлерінің жалақысын «саладағы жалақылардың орта деңгейіне дейін» ұлғайту көзделуде.

14. Ең төменгі жалақы былтырғы 42 500 теңгеден биыл 60 мыңға дейін өскені мәлім. Мына құжатқа сәйкес, енді оны жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жөнінде ұсыныстар әзірленбек. Бұл қамқорлық шарасы шамамен 2 миллион адамның айлығын арттыруға септеспек. Сонымен қатар Үкімет ірі компаниялармен «жұмыскерлерінің жалақысын салалық орташа деңгейге дейін арттыру» жөнінде келіссөздер жүргізеді. Бұдан басқа, мемлекеттік сатып алуларға қатысатын компаниялардан штат саны мен жалақыны көбейту сұралады. Егер қатысушы Үкіметтің бұл тілегін орындаса, онда тендер кезінде оған «шартты жеңілдік беріледі» де, ол қарсыластарының алдын орап, жеңіс тұғырына көтеріле алады. Сарапшылардың бағамдауынша, жалақы көтеру шарасы елдегі еңбекке қабілетті азаматтардың жартысынан астамын қамтуы мүмкін.