Асхат Садырбай: Айналайындар-ау, бұл не масқара?

1789
Танымал тележүргізуші, журналист Асхат Садырбай Ләйлә Сұлтанқызы жүргізетін «Өз ойым» бағдарламасын сынға алды.
Бұл туралы ол Facebook парақшасына жазды.
«Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын деуші еді. Өз ойларыңыз осы болса, онда менің айтар сөзім жоқ.
Бірақ айтпасақ тоқтамайтын түрі бар.
Бірден айта салайын, бұл пост біреудің жеке өміріне қолсұғушылық немеса ар-намысына тию мақсатын көздемейді. Бұл жазба арқылы маған пиар да, xайп та, подписчик те керек емес! Мақсат ұрысу, ренжісу, шу шығару да емес. Ләйлә әпкеге адам ретінде сәлемім де ниетім де түзу.Бұл миллиондаған көрерменнен тұратын қоғам үшін қауіпті нәрсе болғандықтан айтылмақ. Елдің болашағына алаңдайтын кез-келген саналы көрермен менің пікіріммен келіседі деп ойлаймын.
Осы уақытқа дейін алдыңғы буын ғой, әріптес қой, өзім тв саласында жүріп әріптестердің кемшілігін айтқаным дұрыс болмас, солидарность сақтайық деп келдім. Бүгін «Өз ойым» бағдарламасында өзінің және құрбысының пәктігін саудаға салып бизнес жасап жүрген бикештің әңгімесін тыңдап,көріп шок болдым. Айналайындар-ау, бұл не масқара? Осы уақытқа дейін бұл бағдарламада қаншама арсыз нәрселер ашық насиxатталып келді, қоя ма десек жоқ, керісінше күшейіп барады ғой. Редакцияда бағдарламаны дайындап жатқанда бұл кейіпкерлердің әңгімесі жұртқа не береді, жастардың санасына қалай әсер етеді деп ойлайтын маман жоқ па сонда? Әлде рейтинг жинаудың ең арзан тәсілі ме? Сол рейтинг сіздерге қанша теңге табыс әкеледі, айтыңыздаршы? Бір қауым ел боп ақша жинап берейік, сіздер бұл бағдарламаны көрсетпей-ақ қойыңыздар.
Күндіз жұмыс болғандықтан күндізгі эфирді көрмеймін. Бірақ үйде аналарымыз, әйелдеріміз, жеңгелеріміз, қарындастырымыз түскі прайм таймдағы бұл бағдарламаны тамашалайды. Басқа не істейді, бүгінгі тв ның сиқы мынау: бұл уақытта бір арнада «Кел келінімнің» кейіпкерлері шаш жұлысып жатады, бір арнада «Қалаулым», ал, бір арнада «Өз ойым». Көрерменде таңдау жоқ. Көрермен осы үшеуінің біреуін көруге мәжбүр. Түріктер қарсы шығып көрсеткізбей қойған «Қалаулымға» қарсы болған қауым «Өз ойымға» неге қарсы емес? Жұрт мына былықты көргенше «Қалаулымды» көре берсін. Рас айтам.
Ләйлә xаным, мүмкін сізге осы бетіңнен тайма, осы дұрыс деп ақыл айтатындар бар шығар. Мүмкін өзіңізге осы дұрыс көрінетін шығар, білмеймін. Бірақ, мен сізге шынын айтайын, дәл осындай кейіпкерлерге арналған, осындай нәрселерді насиxаттайтын ток шоу бізге қажет емес. Бал ара гүлге қонады, шыбын-шіркей қоқыс-күлге қонады. Қоғамның қоқысын бықсыта бергеннен не пайда? Неге біз жақсыны айтып, жақсыны насиxаттамаймыз? Бізден басқа ешқандай ел мұндай шоуды көрсетпейді. Көрші Ресейде немесе басқа елдерде бар десеңіз, иә, оларда бола береді, бірақ дәл осы бағытта емес. Оның үстіне ол елдің тәрбиесі, дүниетанымы, менталитеті бөлек. Ал, біз қазақпыз, мұсылманбыз. Бізге бұл нәрселер жат. Мұндай бағдарламалар Өзбекстанда, Қырғызстанда, Әзірбайжанда, Тәжікістанда, Түркияда, Қытайда, Кореяда, тіпті кейбір батыс елдерінде де көрсетілмейді (өз көзіммен көрген елдерді айтып отырмын). Дардай атыңызға, мемлекеттен алған атағыңызға сын. Бұл бағдарламаны эфирге шығармай-ақ қойыңыз. Біз өтеміз, істеген ісіміз қалады. Артымыздан қарғыс емес сауап келетін іске ұмтылайық, әріптестер», — деп жазды ол.
Дереккөз: caravan.kz