Бүгін Шымкент қалалық онкологиялық орталығына Санкт-Петербург қаласынан келген әйгілі профессор, медицина ғылымдарының докторы, Н. Н. Петров атындағы Ұлттық онкология орталығының торакалды онкология бөлімінің меңгерушісі Евгений Левченко бастаған бірқатар жетекші онколог-дәрігерлер келді.
Орталық мамандары шетелдік әріптестерімен бірге қатерлі ісікке шалдыққан ауыр жағдайдағы науқастарға бірнеше күрделі ота жоспарлаған. Бұл жолғы операция бронхиалды жыланкөзге (свищ) шалдыққан 65 жастағы науқасқа жасалды.
Бір жылдан бері диспансерлік есепте тұратын емделуші бірнеше рет химиялық терапия курсынан өткен. Онкологиялық аурулар арасында кемде-кем кездесетін асқынған формадағы қауіпті аурудың салдары қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін болатын. Тың технологияларға негізделген ота түрін жасау арқылы
екі мемлекеттің дәрігерлері науқастың өмірін арашалап қалды.
Шымкент қалалық онкологиялық орталығының жұмысына оң баға берген ресейлік дәрігерлер алдағы уақытта серіктестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Орталық мамандары қатерлі ісік ауруларымен күресті күшейту мақсатында Ресей ғана емес, Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің дәрігерлерімен де тығыз әріптестік байланыс орнатқан.
Қазіргі таңда орталықта 250 адам емделуде. Олардың арасында Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан келген науқастар да бар.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі