«ХИМФАРМ» ЗАУЫТЫНДА ӨТКЕН ЖЫЛЫ ӨНІМ КӨЛЕМІ 41,2 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖЕТТІ

1438

Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков елімізде дайын дәрілік препараттарды өндіретін жалғыз химия-фармацевтикалық зауыт «Химфарм» акционерлік қоғамының жұмыс барысын бақылады.

«Химфарм» акционерлік қоғамы – өнімдерін Еуропаға экспорттайтын еліміздегі жетекші фармацевтикалық кәсіпорын. Іргетасы 1882 жылы қаланған зауыт халықаралық дәрежедегі SANTO сауда белгісімен дайын дәрілік препараттарды шығарады. Өткен жылдың 11 айында өнім көлемі 41,2 млрд теңгеге жетті. Яғни, компанияның фармацевтика саласындағы үлесі мегаполисте 98,3%, ал республикада 31,5%-ды құрады. Қазіргі таңда өнімнің 200 түрін шығаратын кәсіпорында 900-ден аса адам жұмыспен қамтылған.

Химия-фармацевтикалық зауытының жер аумағы 17 гектарды алып жатыр. Кәсіпорын 2011 жылы «Polpharma» еуропалық фармацевтикалық тобына еніп, заманауи үлгідегі өндірісті-стратегиялық жобаларды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. «Polpharma» халықаралық тобы әлемдегі ең ірі жиырма компанияның қатарына кіреді, 230 өнім өндіреді. Терапияның әртүрлі саласындағы барлық фармакологиялық топта 750-ден астам препараты бар.

Зауыттың тыныс-тіршілігімен танысқан қала әкімі оң бағасын беріп, өндірістік желілерді дамыта түсуді жеткізді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі