Аудандық сотта Фронт кеңсесі ашылды

1618
Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбеков іс-сапармен Қазығұрт ауданында болды. Жұмыс сапарының барысында төраға аудан активімен кездесу өткізді. Кездесуді аудан әкімі Төлеген Телғараев жүргізді. Т.Баратбеков аудан активіне сот жүйесін дамытуға бағытталған жаңа жобалар туралы баяндады. Ол: «Жыл басында Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша жеті басым бағытты ұсынды. Әр алуан факторларды зерделей келіп, медиация мен бітімгерлік шараларын ынталандыруға ден қойды. Қазіргі таңда бірқатар істердің санаттарын сотқа жеткізбей шешу мақсатында нақты шаралар қабылданды. Еліміздің көптеген соттарында медиация кабинеттері ашылды, онда кәсіпқой медиаторлар, сондай-ақ, пилоттық тәртіпте татуластырушы-судьялар жұмыс істеуде. Жалпы алғанда, сот жүйесінде атқарылып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – соттар жұмысын тиімді ұйымдастыру болып табылады», – деді.
2020-жылға дейінгі сот жүйесін дамыту тұжырымдамасының негізін құраған, 7 бағытты қамтыған жоба «Сот жүйесінің 7 түйіні» деп аталады. Атап айтқанда, олар: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже» және «Сотсыз татуласу орталығы».
Аудандық мәслихат хатшысы Өрісбай Көпеев, Республикалық «Медиация дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша директоры Лаура Ақшегірова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров және қоғамдық медиатор Рахымберді Кәленов жергілікті медиаторлардың атқарып жатқан істерін баяндады. Көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды.
Түркістан облыстық сотының төрағасы Қазығұрт аудандық сотында Фронт кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Ауданымыздың төбе биі Иса Телікбайұлы сот жүйесінің ісі жаңалықтармен толығып, ілгері дами беруіне ақ батасын берді. Аудандық сот төрағасы Ілияс Тоғызбаев Фронт кеңсесінің үш аймақтан – ақпараттық орталық, кіріс хат-хабарлар және өзіне-өзі қызмет көрсету аймағынан тұратынын және осы арада адвокаттың, медиатордың кабинеттері орналасқанын, сонымен бірге, тараптар іс-материалдарымен танысуына арналған жеке кабинет жасақталғанын таныстырды.
І.Тоғызбаев: «Фронт кеңсесінде сотқа келген тараптардан дауласқысы келмегендер медиаторға, құжаты тура болмағандар адвокатқа жүгінеді. Оларға сот органдарының сервистері мен қызметтерін электрондық түрде «Сот кабинеті» арқылы пайдалануға жағдай жасалған. Халық ортасында, ашық, көзбе-көз, ешқандай кедергісіз Фронт кеңсесінің іске қосылуы – аудан үшін айтулы оқиға, бұл – сот корпусының негізгі міндеттерін табысты іске асыруына, сондай-ақ, соттарға халық сенімінің артуына және мемлекет заңдарына деген құрметін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді.
Құралбек ЕРГӨБЕКОВ.