Қазақ мемлекеттігінің қалыптасу дәстүрінің тамырлары ерте заманда жатыр. Біз мемлекеттілік мәселесіне еуропалықтардың көзқарасымен тек саяси құрылым ретінде қарап үйреніп қалдық. Ал шын мәнінде мемлекеттіліктің пайда болу мәселесі тек саяси құрылымның пайда болуымен анықтала ма? Дала өркениетінде мемлекеттіліктің бастаулары ортақ дүниетаным құндылықтары мен рухани дүниемен (діни наным-сенімдер, салт-дәстүр) тығыз байланысты. Солардың жиынтығынан барып ортақ мүдде мен саяси құрылым, қазақ халқындағы көшпелі өркениетке тән Ел мен Жер (Отан) ұғымдары қалыптасады. Сондықтан да мемлекеттілік пен этно-мәдени үдерістің қатар жүрүі заңды. Атам заманнан бері далалықтар саяси құрылысты сақтап қалу үшін емес, Ел мен Жер үшін алысты.
Жалпы, Қазақ жерінде жоғарғы палеолит, қола ғасыры мен темір ғасыры ескерткіштерінің бір-біріне жақын, тіпті бір жерде орналасуы әлеуметтік-мәдени үдерістердің ортақтығы мен сабақтастығының белгісі ғана емес, қазақ халқының ежелден өз атамекенінде, өз жерінде жасап келе жатқандығының бұлтартпас айғағы. Сол сабақтастық кейін алғашқы мемлекеттік құрылымдарға жалғасып ежелгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, сармат, түрік қағанаттары дәуірінде жалғасып кейін Ұлық ұлыс (Алтын Орда) пен Қазақ хандығында көрініс тапты. Сол ұстанымдар, салт-дәстүрлер тіпті бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Бұл дегеніңіз қазақ жерінде орын алған этникалық және әлеуметтік-саяси үдерістердің үзілмей жалғасып отырған сабақтастығының дәлелі.
Мысалы, қазақтың тұңғыш антропологы, академик О. Смағұлұлы физикалық-антропологиялық материалдарға сүйене отырып қазақтардың қазіргі өңірде 4 мың жыл бойы мекендеп келе жатқанын айтады. «Біздің бабаларымыз ежелгі тас, темір дәуірлерінде, антикалық қола дәуірінде, бертіндегі Түркі қағанаты заманында дәл осы атамекенінде өмір сүрген. Нақты ғылыми дәлелдердің өзі ұрпақтар сабақтастығының 40 ғасырға жететінін көрсетеді. Халқымыздың осындай көне тарихын айғақтайтын материалдарды қазіргі қазақтардың дене құрылысынан, қандарынан, тері бедерлерінен, дәм сезімдерінен, қаңқа сүйектерінен, тіс құрылыстарынан анықтай алдық» — дейді ғалым. Ал, қыпшақтанушы, академик Кумеков Б.Е. ерте және ортағасырда мемлекеттіліктің екі негізгі сипаты болатынын атап өтеді. Ол мемлекеттіліктің үздіксіздігі мен сабақтастығы. Сонымен бірге акадмик мал шаруашылығы мен географиялық фактор Ұлы Дала төсінде өмір сүрген мемлекеттер табиғаты мен елдік атрибуттарын, ерекше Дала өркениетін қалыптастырғанын айтады.
Сондықтан да, Қазақстан жеріндегі мемлекеттілік дәстүрі Сақ дәуірінен басталып 2,5 мың жылға созылғаны анық. Одан кейін тек мемлекеттердің атауы ғана өзгергені болмаса, аумақ тұтастығы және сол аумақтағы мәдениет, салт-дәстүр үзілмей үнемі жалғасын тауып отырды.
Жалпы Қазақстан жерінде бірінен кейін бірі сабақтасқан жиырмаға жуық мемлекет өмір сүрген екен. Ал, Орыс хан құрған Ақ Ордада мен Ұлық ұлыс мемлекеттерінің тікелей мұрагері Қазақ хандығы 300 жылдан аса өмір сүрді. Одан бері қазақ мемлекеттігін қайта жаңғырту әректі Алаш автономиясымен, ҚазқАКСР-нің құрылуымен (1936-ж. бастап ҚазКСР) байланысты болып, шынайы елдікке қол жеткізгеніміз қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасы.
Былтыр елдігіміздің дәстүрі ретінде «Ұлық ұлыс» — Алтын Орданың құрылуының 750 жылдығы кеңінен аталып өтті. Ұлық ұлыс Жошы ұлысында, Дешті Қыпшақ – бүгінгі Қазақ елінің байырғы мекенінде өмір сүргендіктен Қазақстан мемлекеттілік дәстүрінің қалыптасуында орны ерекше. Ол Қазақстанмен қатар Моңғол, Ресей, Украина, Молдова, Орта Азия, Кавказ бен Еуропа елдерінің тарихында терең із қалдырды.
Алтын Орда дәуірі қазақ мемлекеттілігі қалыптасуының қақ ортасында тұр. Ғалым В.П. Юдин «Чингиз-наме» деген еңбегінде «Қазақ даласының XIII-XIV ғасырдағы тарихын мұқият зерттемей Қазақ хандығының құрылу тарихын түсіне білу мүмкін емес» деген пікір айтады. Академик З.Қинаятұлы «XIII-XIV ғасырдағы Қазақ даласы дегеніміз – ұланғайыр Шығыс Қыпшақ даласын мекен еткен көшпенді Қыпшақ Сақтары және оған шығыстан келіп қосылған ежелгі Түркі тайпаларының бас қосу тарихы» деп айтады. Тұтас халықтарды біріктіріп, алапат күшке айналған орданың бүгінгі мемлекеттіліктің негізі болғанын білген абзал.
Кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде қазақ тарихына қатысты бірқатар тақырыптарды зерттеуге тыйым салынғаны бүгін белгілі болып отыр. Әсіресе 1951 жылы КОКП ОК пленумында қабылданған «Алтын Орда» тарихын зерттеуге тыйым салған құпия қаулысы сол дәуірдің тарихын өрескел бұрмалануына жол берді. Жалпы, сол кездерде қазақ тарихын кемсіту, бұрмалау жаппай көрініс алған болатын. Осыған байланысты бір қызық фактіні келтіре кетейік. 1964 жылы ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының ғалымдары келесі жылы қазақ хандығынығы құрылуының 500 жылдығын атап өту жөнінде Мәскеуге КОКП ОК жасаған ұсынысына рұқсат бермей, қайдағы бір хандықтың тарихымен айналысқанша 1967 жылы өтетін Ұлы Октябрь социалистік революциясының 50 жылдығының дайындығына көңіл бөлуді ескертеді.
Міне, осындай жағдайда тарихшы ғалымдар бара алмаған тақырыптарға жазушылар қалам тартып, тарихымыздың кем-кетігін толтырып, халықтың тарихи жадынын сақталуына зор үлес қосты. Бұл жөнінде І. Есенберлиннің «Көшпееділер» трилогиясын ерекше атап өту керек. Сол шығарманың арқасында қазақ жастарының неше буыны өз елінің тарихымен ғана танысып қоймай, өз жерінің нақ иесі екендігін ұғынып, ұлттық рухы оянды.
Шыңғыс хан Моңғол империясын құрған соң, Қазақстан аумағы моңғолдың үш ұлысының құрамына кіргені белгілі: үлкен (далалық) бөлігі – Жошы ұлысының құрамына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан – Шағатай ұлысына, Жетісудың солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедейге қарады. Жошының ұлы Бату қолы Ресей жеріне, Еділдің батысындағы жерлерге жорық жасап, Жошы ұлысын Алтайдан Дунайға дейін кеңейтіп, орталығы Сарай-Бату (қазіргі Астрахань маңы) төменгі Еділде орналасқан іргелі мемлекетке айналдырды. Тарихи әдебиетте бұл мемлекеттің аты «Ұлық ұлыс», кеңестік тарихи әдебиетте «Алтын Орда» деп орнықты.
1269 жылы көктемде Шыңғыс хан ұрпақтары мен моңғол ақсүйектерінің қатысуымен болған моңғол империясының соңғы құрылтайы өтеді. Талас құрылтайы саяси жағынан алғанда Моңғол империясының ыдырап, дербес мемлекеттерге бөлінгенін заңдастырып, әр ұлыстың құрамына кірген бағынышты халықтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашады.
Бұл орайда Алтын Орда Еуразия кеңістігіндегі халықтар мен мемлекеттердің, ұлыстардың саяси-әлеуметтік, этникалық тарихында терең із қалдырған мемлекет. Оны дүние жүзі тарихшылары мойындап отыр.
Бүгінгі күні Алтын Орда құрамына кірген халықтардың біразы өздерін сол мемлекеттің мұрагері ретінде санауда. Солардың ішінде қазақ, татар, башқұрт, ноғай, орыс т.б. бар. Әсіресе қазақ хандығының Алтын Орданың тікелей мұрагері екені туралы Алтын Орданың 750 жылдығына арналған ғылыми конференцияларда, сол кезде басылып шыққан мақалаларда көп айтылды.
Бір жағынан тарихшылардың Алтын Орда мен қазақ хандығының арасындағы тарихи сабақтастыққа назар аударуы заңды әрі құптарлық үрдіс. Дегенменен, өз тарихымызбен ғана тұйықталмый, сол кезеңде өмір сүрген көрші елдердің тарихына да назар аудармасқа болмайды. Өйткені Алтын Орда күшейіп тұрған және оның ыдырау кезініндегі саяси, этникалық процестердің анық-қанығына жету үшін татар, башқұрт, ноғай халықтарының тарихын да мән берген жөн. Одан қазақ тарихы кеміп қалмайды. Керісінше толыға түседі.
Алтын Орда тарихы Қазақстанда бертінде ғана зерттеле бастаса, татар тарихшылары Алтын Орданың әлеуметтік, этникалық тарихын зерттеуде біршама ілгерілеп кеткетті. Сондықтан да «Алтын Орда мұрагері» деген атаққа бәсекеден озып шыққан бір ұлтқа берілетін бәйгенің бас жүлдесі ретінде емес, қайта соларды айрандай ұйытуға негіз болатын тарихи факті ретінде қарастыру қажет. Алдағы уақытта Алтын Орда мен ұлыстар тарихы ортағасырлық тарихты зерттейтін қазақстандық тарихшылардың басты зерттеу объектісіне айналғанда осы мәселе ескерілуі тиіс.
Кеңестік дәуірде XIII-XV ғғ. Ұлыстар тарихы қаншалықты бұрмаланып оқытылғаны туралы жоғарыда айтылды. Алтын Орда жайында көп ұшты көз-қарастар қалыптасып, Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда әрқайсысы өз алдына жеке-жеке мемлекет ретінде қарастырылған болатын. Бүгінгі таңда бұл тұтас мемлекеттегі ұлыс билеушілері тіккен орда аттары екені белгілі.
Қазақ хандығы Алтын Орда территориясының жартысына жуығын алып жатқан Ақ Орда мен Көк Орда аумағында пайда болып ораналсуы оның Алтын Орда мұрагері екендігіне ешқандай күмән тудырмаса керек.
XV ғасырдың ортасында қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр ханмен жеке басының мүддесі үшін емес, аталары Орда Ежен, Орыс хан іргесін қалаған Ақ Орда билігін қайта қалпын келтіру үшін күрескен. Ал XV ғасырдың басында әкелері Барақ ханның Орта Азиядағы Темір ұрпақтарымен Түркістан алқабы үшін күрескенін көріп өскен. Тарихта Барақ хан Темір жаулап алған Сырдария өзенінің бойындағы Ақ Орданың ежелгі жерлерін, Сығанақ қаласын қайтаруды талап етіп «Менің атам Орыс хан Сығанақта құрылыс салған» деп Ұлықбекке жазған хаты да белгілі. 1427 жылдың басында Сығанақ түбінде Ұлықбек пен Барақ хан әскерлері арасында кескілескен ұрыс болып, жеңіліске ұшыраған Ұлықбек әскері Самарқан қаласына дейін шегінуге мәжбүр болады.
Жалпы, осы мәселені қарастырғанда ортақ территориялық аумақпен бірге саяси, этникалық, мәдени-рухани ортақтықты да екскеру қажет.
Алтын Орданың саяси-мемлекеттік құрылысына келетін болсақ, онда ұлыстың мемлекеттік құрылысының түп негізі сақталды. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, сондай-ақ көшпелі, әскери шонжарлардан құралған әкімшілік-шенеуніктік аппарат маңызды орын алды. Олардың ішінде түрік халықтарынан шыққан – қыпшақтар, ортағасырлық ұйғырлар, Еділ бұлғарлары елеулі рөл атқарған екен. Әскер мен мемлекеттің ішкі істерін тікелей басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді. Хан атынан бүкіл әскери істі беклер-бек басқарды, ал азаматтық биліктің басы уәзір болды. Беклер-бек әскери өкіметтің өкілі ретінде «патшалар мен сұлтандардың кеңесшілері» — уәзірден дәреже жағынан жоғары тұрды; ол сондай-ақ басқа мемлекеттермен дипломатиялық қатынастарды басқарды және негізгі әмір ретінде азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін өз қолында ұстаған. Уәзір орталық үкіметтің атқарушы өкіметінің басшысы, мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару ісінде ханның кеңесшісі болды.
Алтын Орда мемлекетін басқару ісінде даруғалар мен басқақтар да маңызды орын алды. Даруғалар негізінен салық жинау, жол ашу, жол бойына бекеттер орнатумен айналысса, басқақтар басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа әскери бақылауды жүзеге асырды. Кейбір жергілікті жерлерде олар салық жинаумен де айналысты. Атқарушы өкіметтің орталық органы диуандар қаржы, салық және басқа ведомствоға ие болды, ал диуанның бітікші деп аталған хатшылық қызметкерлері де болды. Бұдан көріп отырғанымыздай, Алтын Ордада шенеуніктік-әкімшілік аппарат жұмыс істеп тұрды. Осындай қатаң иерархия мен тәртіп Алтын Орданың феодалдық-әскери құрылысын нығайтты.
Алтын Ордада әкімшілік және әскери істер ғана емес, Орталық Азияда Қыпшақ дәуірінен гүлденген білім мен ілім, медицина, сауаттылық та кем қалған жоқ. Әртүрлі мәдениеттердің өз-ара тығыз ықпалдастығы байқалады. Сауат ашу мен қала мәдениетін таратуға хорезмдіктер, ирандықтар, түркі-бұлғарлар, қыпшақ, қарлұқ, қаңлылар және ұйғырлар, шығыстан қытайлар мен тибет буддистері ықпал етті. Өз кезегінде олар түрік-қыпшақ мәдениетін, салт-дәстүрлерін қабылдағаны сөзсіз.
Жалпы, Алтын Орда дәуірі орыс княздіктер тарихына оң әсерін тигізді. Әсіресе орыс жерлерінде жаппай монастырлер мен храмдардың көптеп салынуы Алтын Орда дәуіріне сай келеді. Әсіресе орыс халқының мәдени тарихында түрік-қыпшақ сөздерінің жаппай енуі байқалады. Мысалы, жоғарыда даруғалардың негізгі қызметі салық жинау, жол ашу, жол бойына бекеттер орнату үшін жауапты болғаны туралы айтылған болатын. Осыған байланысты орыс тілінде жол дегенді білдіретін сөз «дорога» пайда болса, басқақтарға қатысты орыстарда «Баскаков» деген фамилия көптеп кездесетін болды. Ресей тіл мамандары үш ғасыр моңғол үстемдігі кезінде орыс тіліне моңғол сөздері емес, түрік-қыпшық сөздерінің жаппай енгенін ерекше атап отыр. Жалпы орыс тарихшылары «Россия = Киевская Русь + Золотая Орда» деген формуланы мойындайды. Бұл ақиқат. Егер бүгінгі Ресейдің оңтүстіктегі аймақтарға көз салсаңыз бүкіл топонимдердің түрік-қыпшақ атауларынан тратынын байқау қиын емес. Осы жағдайлардың бәрін Ресей тарихшылары біліп, мойындап отыр. Ал, орыс тарихшыларының білгенін Ресей саясаткерлері білмеуі мүмкін емес. Сондықтан да кейбір Ресей саясаткерлерінің жөн-жосықсыз қазақ жерлеріне көз алартуы таза арандатушылық.
Алтын Ордаға сырттан келіп-кетушілер көп болғандықтан, Ұлыс халқының этникалық құрамы да әрқилы болғаны рас. Олар негізінен түрік халықтары, Еділдің бойы, Қара теңіздің қыпшақтары, Хорезм мен Еділ Бұлғариясының халықтары, сондай-ақ шығыс славяндары мен угро-финдер де болды.
Алтын Орда заманында деректерде айтылатын «92 баулы өзбек» тайпаларының үштен бірі қазақ халқының құрамына енген тайпалар болып табылады. Сондықтан да ХІХ ғ. ортасында Ш. Уәлиханов «қазақтар өздерін Алтын Орда татарларының ұрпағымыз деп құрметтейді» немесе қазақ пен ноғайды ағайынды халық деуі тегін емес. Сонымен қатар Алтын Орда ыдырағаннан кейін өзбек ұлысына кірген ноғай, қазақ, қарақалпақ, татар, қырғыз халықтарын ортақ – ноғайлы деген атпен аталуы, ноғай ұлысы ыдыраған кезде Үлкен ноғайлардың кіші жүз құрамына кіруі этникалық үдерістің жалғастығын білдірсе керек.
Түрік тілі және ислам дінінің келуімен Алтын Орда жаңаша кейіпке еніп, қолөнер, сәулет, монша, ыдыс-аяқ пен әшекей, геометрия, медицина дамып, Шығыс елдері және олардың астаналарымен байланысы нығая түсті. Мәселен, Алтын Орда астанасы Сарай-Батуға түрлі миссионерлер, қолөнершілер, құлдар да өзімен бірге мәдениет ала келді. Алтын Орда, Ақ Орданың тарихы тек шапқыншылық пен қанды соғыстар, хандардың ауыс-түйісі ғана емес, сол уақыт пен кеңістікте өмір сүрген халықтардың біртұтас шежіресі деуге болады. Сонымен қатар, Алтын Ордада Өзбек, Берке хан тұсында ислам дінінің таралуы тікелей қазақ халқының Абу-ханифа масхабында болуына септігін тигізген рухани жалғастықтың символы іспеттес дүние.
Ал, енді мәдени-рухани тұрғыдан сабақтастық жайлы айтатын болсақ ноғайлы заманынан қазақ халқының ауыз әдебиетінде қаншама жыр-дастанның сақталғанын айтса болады. Сондықтан болар Ноғайлы заманы біздің қазақ әдебиетінде, тарихында «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» жырларында кеңінен көрсетілген.
Алтын Орданың мұрасы XVI-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығынан да, сол кезеңдегі Орта Азияның, Сібірдің, Еділ бойының, Солтүстік Кавказ бен Қырымның түрік мемлекеттерінен көрінеді. Мемлекеттің қоғамдық-саяси құрылысынан, атап айтқанда хан билігінің Шыңғыс ұрпақтарынан таралуы да, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы кесенесінің Арқада орналасуы соны көрсетеді. Алтын Орда құлағаннан кейін Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары мен Ноғай Ордасы бөлініп шықты. Бірақ солардың ешқайсысы да ары қарай өз мемлекеттігін сақтай алмады. Ал Қазақ мемлекеттігі әлі күнге дейін бар.
Тәңірім қазақтың тіккен көк туын мәңгібақи желбірете берсін!
Жұмаділ Арман Қабдешұлы, т.ғ.к., ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, ҚБТУ қауымдастырылған профессоры