Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың Елордасы — Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп ауыстыру Жарлығына Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университеті қолдау білдірді.
Шараға университеттің ұстаздары, тарихшы-ғалымдар, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Ел және Елбасы, Елордасының бүгіні мен ертеңі жайлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Президенті Б. Абдрасилов пікір білдіріп, жиынға қатысушыларды шын ықыласпен қолдау тапқан тарихи шешіммен құттықтады.
Сондай-ақ, университеттің ардагері, профессор С.Садықов, доцент Асылы Шенгун де түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын қосып, алтын шаңырағына айналған Қазақстанның әлем алдында үлгі тұтар қадамға барған игі бастамасы, елдің көшін болашаққа бастаған кемеңгер Елбасының сарабдал саясатының жемісі жөнінде баяндап, жас ұрпақты қазақтың жақсылары салған сара жолдың ізін жалғап, елдің іргесін бекем ұстайтын патриоттық қасиетін мәңгі биік ұстауға шақырды.
Жиын концерттік бағдарламаға ұласып, «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі Құрманғазының «Адай» күйін орындаса, Ғарифоллаұлы Сиғвадолла Елбасыға арнауын айтып, «Би сұлтан» би ансамблі «Дала рухы» биін және өзге де өнерпаздар патриоттық әндерімен көрермен ықыласына бөленді.