«Жоғары жалақымен 42500 теңге алмақ болғандар – чиновниктер мен ашыналары» — Қуандық Шамахайұлы

1421
Дәрігер, мұғалім, инженер-техниктер арасында дәл сондай жоғары жалақы алатын адамдар жоқ.
Журналист, ғалым Қуандық Шамахайұлы facebook парақшасында көппен бірге 42500 теңге үшін өтініш берген байшыкештерді сынап тастады. Айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атап көрсеткен тізімдегі 500 мың және одан да көп жалақы алатындар санатында қатардағы қызметкер мен жұмысшы жоқ, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Тоқаев уәде еткен 42500 теңгені алу үшін «өтініш берген 2 мыңға жуық азамат 2020 жылдың басынан бастап (қаңтар, ақпан, наурыз) іс жүзінде айына 500 000 теңгеден немесе одан да көп айлық алып келген», — дейді ресми ақпарат көзі.
Жарты миллион немесе одан көп жалақысы бар адамдар болса, олар қатардағы қарапайым жандар емес. Жоғары шенді чиновниктер, басшылар мен солардың бала-шағалары, бәйбіше-тоқалдары, ашыналары екені анық.
Дәрігер, мұғалім, инженер-техниктер арасында дәл сондай жоғары жалақы алатын адамдар жоқ. Сондықтан тегін ақшаға құнығатын да сол баяғы билік дәлізінде жүрген өздері болса керек», — деп төтесінен бір-ақ тартқан әріптесіміз.
Осы орайда, ол өркениетті елдерде мұндай тірліктің өте ұят саналатынын алға тартып, ал бізде пысықтыққа жатуы мүмкін екенін айтты.
«АҚШ-та «орташа америкалықтарға арналған сауда орны» дейтін ірі супермаркеттер бар. Онысы – іс жүзінде кедейлерге арналған әлеуметтік сауда орындары деген сөз. Ондағы заттардың бағасы өте арзан, расымен де қолжетімді.
Сол сауда орындарында дамушы елдерден келген туристер, жолаушылар ғана өріп жүреді. Жергілікті тұрғындар да онда келіп-кетеді әрине, көбі қара нәсілділер, көпбалалы кедей адамдар болып келеді. Ал оған әл-ауқаты жоғары адамдар өлсе де маңына жоламайды.
Онда барып, зат-тауар көріп немесе сатып алып жүрсе, өте ұят саналады (почти, бізше болғанда моншаның әйелдер шомалатын общий залына немесе әжетханасына еркек адам кіріп кеткендей-ақ тым ерсі көрінеді). Ал бізде сондай дүкен ашылса, ашкөз чиновниктер барлық затын көшіріп алып кетіп, жеке сауда орнын ашып алып, 2-3 есе баға қосып, шімірікпестен сатып тұратын шығар» деп жазды одан әрі.
Жазба соңында әңгіменің тоқетері «ресми ақпарат 42500 теңгеге өтініш беріп жүрген жоғары жалақы иелерін аты-жөнімен ашық жариялаулары керек» дегенге сайды. Осылайша, ындыны кепкен пайдакүнемдердің кім екенін халық білсін, шынайы сиқын көрсін деп есептейді ғалым.