Түркістанда биыл 15 нысан тапсырылмақ

909
2020 жылға өтпелі нысандардың құрылысы мамыр-қыркүйек айларында толық аяқталады. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сала мамандарының мәліметінше, жуырда Түркістан қаласындағы Тұңғыш Президент саябағы мен орталық аллея, Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағын абаттандыру жұмыстары толық аяқталады. Көне шаһарда жаңа ғимараттардың құрылысына өңірлер, ұлттық компаниялар және бизнес өкілдері атсалысуда. Жаңадан бой көтерген басқармалар мен департаменттердің ғимараттары, конгресс орталығы мен Нұр-Сұлтан алаңы, оқушылар сарайы мен стадион, цифрлық кеңсе мен бассейні бар спорт кешені, смарт сити байланыс желілері мен қалалық саябақ, драма театр мен ғылыми-әмбебап кітапхана, Ұлы дала елі орталығы мен Қ.А.Яссауи мұражайын биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, әкімшілік-іскерлік орталығында 7 инженерлік инфрақұрылым нысандарының (су, кәріз, электр, газ, жылу, жол және абаттандыру) құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сәйкес жүргізілетін болады. Сондай-ақ, «Rixos Turkestan», «Hampton by Hilton», «Нұр-әлем» қонақ үйлері мен «Әкімшілік ғимаратын қонақ үй етіп қайта құру», «Караван Сарай» және 5000 орындық мешіттің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық құрылыс алаңдарында санитарлық-профилактикалық шаралар күшейтілген. Аппарат отырысында сондай-ақ, өңірдегі шектеу шараларының көшейтілуі мен тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында өңірде атқарылып жатқан жұмыстар барысы баяндалды. Аймақ аумағында «бетперделік режим» енгізілген. Тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шыға алатыны ескертілген. 6 мыңға жуық азаматқа 42500 теңге көлемінде төлем тағайындалған. Әлеуметтік төлемдер мемлекеттік сақтандыру қорынан жұмысын жоғалтқан азаматтарға қарастырылған. Бұл төлемді шағын және орта кәсіп иелері, дара жұмыс істейтін және бірыңғай жиынтық төлем төлеуші азаматтар алады. Қазіргі таңда барлық аудан, қалаларда жұмыс штабтары құрылған. Электронды мемлекеттік порталы арқылы да өтініш қабылданады. Әзірге 1366 адам өтініш берді. Облыс аумағында барлық қоғамдық орындар, аулалар мен төлем жасау орындары күн сайын дезинфекциялануда. Облыс әкімінің тапсырмасымен, блок-бекеттердің тəртібін күшейту жəне Түркістан қаласының аумағын залалсыздандыру жұмыстарына көмек беру мақсатында 200-ден аса əскери қызметкер және бірнеше əскери техникалар жұмылдырылған.