«Қазаққа да бірдеңе қалсын»: Депутат мұнайдан байып отырған олигархтар туралы айтты

321

Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Ермұрат Бапи «қара алтынның» экспортына мемлекеттік бақылау орнату туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«ICIJ халықаралық журналистер концорциумының зерттеуі бойынша Қазақстанның мұнайы мен мұнай өнімдерін шетелде тіркелген әр түрлі компаниялар сыртқы нарықта сатады. Конституция бойынша халық меншігі саналатын пайдалы қазба өнімдерінің экспортына неге әлдебір түсініксіз субъектілер ие болуы керек? Мәселен, қазақ мұнайын әлем нарығында сататын ең ірі Vitol компаниясы Швейцарияда тіркелген. «ҚазМұнайГаз»-Трейдинг» компаниясы да Швейцарияның резиденті. Сол сияқты «Теңізшевройл» өндіретін Теңіз кенішінің мұнайын Нидерланд елінде тіркелген «ҚазМұнайГаз-Финанс» трейдері экспорттайды. Қашағанның мұнайын бірнеше шетелдік трейдер саудалайды. Дәл сол сияқты Eurasian Oil және Petrochina International трейдерлері Сингапурде тіркелген. Шетелде тіркеліп, Қазақстандағы ішкі баға мен әлемдік баға арасында маржадан түскен пайданың қызығын көріп отырған ондаған шетелдік компания бар», — деді ол.

Депутат аталмыш компаниялардың қандай алпауыт топтармен байланысы бар екенін де айтты.

«Тағы осы ICIJ концорциумының зерттеуіне қарағанда, Vitol сауда трейдерлік компаниясының иесі — аты-жөні әйгілі олигарх Тимур Құлыбаев. Оның 22 шет мемлекетте 200-ден астам компаниясы және өз командасына тиесілі компания бар екен. Біздің елдің мұнай «swap» сауда тәртібі бойынша шекараға дейін ішкі нарықтың бағасымен сатылады да, шекарадан әрі әлемдік бағамен сатылады. Екі аралықтағы маржа оффшорларда, шетелдік банктерде шөгіп қалады. Елдегі пайдалы қазбалардың сыртқы нарықтағы саудасын мемлекет тарапынан реттейтін бірегей оператор құру қажет», — деді Ермұрат Бапи.

Оның пайымдауынша, елдегі мұнай өндірісі мен тасымалы ұлттық компаниялар реттеп отырғаны сияқты, экспортын да бірегей оператор реттеу керек.

«Осындай әділетсіз әрі қазақ үшін қиянатты саудадан әлдекімдерді қисапсыз байытып отырмыз. Осы жолда бірегей оператор құру мәселесін шешу керек деп ойлаймын. Бұл парадокс. Бізде мұнай өндіретін ұлттық компания бар, мұнай тасымалдайтын ұлттық компания бар, ал мұнай сататын ұлттық компания неге жоқ? Неге бірегей оператор болмау керек? Осы тұрғыда Үкімет тарапынан ұсыныс болса, Парламент заңдастырып береді деген сенімдемін. Үкімет тарапынан ондай ұсыныс болу керек деп есептеймін», — деді Ермұрат Бапи.