Бокстан Өзбекстан чемпионатында екі қазақ чемпион атанды

108

Бокстан Ташкентте өткен 2025 жылғы Өзбекстан чемпионатында екі этникалық қазақ алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

60 келі салмақта жарысқа қатысқан Мадияр Данияров Ташкент төрінде алтыннан алқа тақты. Ол финалда Шохрух Абдумаликовты жеңді.

Ал 63,5 келі салмақта Өзбекстан чемпионатының биылғы жеңімпазы Руслан Абдуллаев болды. Осы салмақта 2023 жылы әлем чемпионы және 2022 жылы Азия чемпионы атанған этникалық қазақ ішкі біріншіліктің финалында Адхамжон Мухиддиновты жеңді.

Чемпионатта жүлде алған ұлты қазақ боксшылар арасында Мадияр Сайдрахимов (92 келі) пен Арман Маханов (+92 келі) бар. Қос спортшы да финалда сүрініп, күміс медальға қол жеткізді.

Сондай-ақ тағы екі этникалық қазақ қола жүлде еншіледі. 54 келі салмақта бәсекеге түскен Собиржан Тастанов пен 63,5 келі салмақта Саят Ильясов жартылай финалда ұтылып, қоланы қанағат тұтты.

Айта кетейік, биылға Ташкентте өткен Өзбекстан чемпионатына ұлты қазақ 15 боксшы қатысты.