Димаштың ата-анасы: Білімі жоқ адамдардың ұлымызға сын айтқаны біз үшін қорқынышты емес

1461

Димаш Құдайбергеннің ата-анасы ұлының әншілік өнеріне қатысты өз ойын айтты. Әнші ата-ана бір кездері ұлының даусы жайлы сын айтқан адамдар жайлы айтқан еді.

Бұл туралы “Қарақатпен шай” бағдарламасында айтылды.

«Жалпы адам туралы пікір айтқан кезде, сіздің айтқан пікіріңіз ол адамның қандай екенін емес, өзінің деңгейіңіздің қандай екенін айқындайды», деп қысқа қайырды Димаштың әкесі.

Ал Света Айтбаева өз пікірін толық әрі ашық жеткізді.

«Егер ұлымның дауысына қатысты, дауыс мүмкіндігіне, диапазонына, дауыс аппаратына қатысты бір сауатты пікір айтатын адам болса сол жерде…

Мысалы, вокалдық методиканың майын ішкен мұғалім болса немесе мықты әншілер Майра Мұхамедқызы, Бибігүл апамыз, Әлібек ағамыз секілді шеберлер Димаштың дауысына сын пікір айтса, онда біз байбалам салып қорыққан болар едік. Ал білімі жоқ адамдардың сынағаны біз үшін қорқынышты емес», — деді Света Айтбаева.

Айта кетейік, Димашқа сын айтқан өнер өкілдері, танымал әнші, әртістер қатары көп. Димаш алғаш сахнаға шыққан сәтте де, әлемге танылмас бұрын да сын айтып, баға берген еді. Кейін де бірнеше әнші Димаштың өнеріне қатысты ойын айтып, қызу талқыға түсті. Алайда әншінің ата-анасы да, өзі де бұған қатысты байбалам салып, әр пікірге жауап беруге асықпайды.

Жақында Бақыт Шадаева Димаштың даусы жоқ екенін айтып, тыңдармандардың талқысына қалды. Кейіннен әнші пікірі үшін кешірім сұрап, халық алдына шықты.