Қазақстан – ұлы даланың қара шаңырағы

3190
Елбасының жуырда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқып шығып, жазбаның идеялық мазмұны болашаққа жаңа бағыт сілтеп, тың бағдарлама ұсынған аса құнды дүние деп түсіндім. Әсіресе, халқымыздың көне тарихына қатысты тыңнан көтерілген ұғым-түсініктер – ұлт тарихының жаңа кезеңін айқындауға бағыт сілтеп тұр. Яғни, қазақ халқының этномәдени көнелігіне мән беру дегеніміз – сол халықтың түп-тамырына үңілу.
Ұлы дала – өркениеттің атауы. Ал, өркениеттің қатпары мен қыры, қасиеті мен қазынасы көп болары анық. Ендеше, Елбасы мақалада қазақ халқы қастерлі санайтын, «Жеті санын ырымдап, символикалық мағынада қолданғандай әсер қалдырады. Көкті – жеті қат аспанға, текті – жеті атаға, байлығы мен мұрасын – жеті қазынаға, жаһанды – жеті жұртқа теңейтін бабаларымыздан жеткен жеті саны мақалада Ұлы даланың жетістіктері мен адамзат тарихына қосқан сүбелі үлесін әдемі жүйелеп тұр.
«Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан жерде» пайда болып, дәуір дауылдарына шыдас берген алып емендей тамырын тереңге тартқан, ежелгі Мысыр, Қытай, Иран, Үндістан, Рим секілді іргелі елдермен қарым-қатынас орнатып, оларға балама өркениет құрған Түркі әлемі Шығыс пен Батыстың, түстік пен теріскейдің арасын жалғаған Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік сауданың күретамырына, дүниежүзілік дипломатияның дәнекеріне айналған. Сондықтан, ғалымдар көне көшпенділерді «жаулаушы ғана емес, өркениетті жасаушы һәм оны жалғаушы ұлт» ретінде бағалауда.
Тарихи еуроцентристік көзқараспен қарайтындар «көшпенділер бей-берекет көшіп-қонып жүрген, оларда өндіріс орындары болмаған» деген жаңсақ ұғым қалыптастырмаған. Шынтуайтында, мақалада айтылғандай «біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны».
Түркі өркениетінің алтын бесігі Алтайда темір қорыту бағзыдан бері бар екенін бері де жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары да айқындап отыр. Түркілер арасында қара темірді қамырша илеп, болат балқытқан ұстаны киелі санау пульті осылайша қалыптасқан.
Ұлы даланың құдіретті әміршілері Темучин – темірші, темірлан аталуы да осы киенің сарқыты деуге болады. Сондықтан, жаңа ғасырда домна пеште болат балқытып, құрыштай шындалған Елбасының металл өндіруді түркілердің ата кәсібі ретінде қарауы – дәстүр сабақтастығының жаңғыруы.
Елбасы Ұлы даланы түркі әлемінің киелі бесігі деуі – заңдылық. Расында, тақтары тұрмақ, аттары да алтынмен апталған қаһарлы қағандар мекені болып саналатын Берелден бастау алатын асқақ Алтай – күллі
түркінің бағзы замандарда кіндік байлаған кен ордасы. Батыстағы Сарайшық пен Сығанақтың арасы, күңіренген қобызымен тіршілік атаулыны ұйытқан қасиетті Қорқыттың қонысы бүгінде Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстанда мемлекет құрған оғыздар әулетінің берекелі бесігі. Оңтүстіктегі әзірет қонған әз қала – Түркістанға ислам дінін қабылдаған күллі түркі жұртшылығы тағзым етеді. Ертегіден басталып, елдігімен жалғасатын Ұлытау жері – кезінде Дешті Қыпшақ аталған Ұлы даланың алтын ордасы. Осы төрт қақпаның тура төрінде, Сарыарқаның белінде самұрығы самғаған, мәңгілік мұраты айқындалған Астана төрт құбыласы тең қазақ елінің ғана емес, түгел түркінің тегеурінді байтағына баланып отыр. Осының бәрі шабыты шалқар Мағжан ақынның: «Көп түрік енші алып тарасқанда, қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген сөздерінің шындыққа айналғанын айғақтайды.
Айшықты Астана бүгінде еліміздің түпкір-түкпірінен келген өркендердің басын қасып, бағын ашқан Бақ ордасына, жастардың қаласына айналып отырғаны ақиқат. Қазіргі елорда тұрғындары мен бүкіл Қазақстан халқы – жасы да, жасамысы да сәулет келбеті келіскен бас қаланы сөзсіз мақтаныш тұтады.
Жалпы, біздің осыған дейін төл тарихымызды танып-білуде белгілі бір шеңберден аса алмай келдік. Тіпті, кейде сонау ұлан-ғайыр даламыздағы тіршілік белгісі Қазақ хандығы құрылған кезден ғана басталғандай қабылданып, әлі күнге оған дейінгі мәдениет пен өркениетке лайықты бағасын да бере қойған жоқпыз.
Ол аздай, қазақ көз ашқалы бері басқыншылық пен зорлық-зомбылықтан бас көтермеген, жаулап алмақ болғандармен соғысып өткен, одан қала берсе, ғылым мен білімнен алыс қалып, тек мал бағып, көшіп-қонып жүрген халық ретінде көрсетіліп келеді. Кезінде одан басқасына мүмкіндіктің берілмегені белгілі. Сондықтан да, тарихымызды осы сарынмен сабақтауға мәжбүр болдық. Бірақ, еңсе тіктеп, егемен ел болғаннан кейін де кейбіреулердің санасында осындай ұғымның бұлты әлі сейіле қоймағаны байқалып қалып жатады.
Енді мұндай олқылықтардың орнын толтырып, тарихи сананы жаңғыртар сәт туды.
Өйткені, бүгінде тәуелсіз Қазақстан экономикасы қуатты, тұрақты даму жолына түскен, әлемдік көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы легінен орын алуға ұмтылған, өзіндік ұстанымы мен көзқарасын еркін білдіре алатын мемлекетке айналды. Біздің ендігі межеміз – осы бағыттан жаңылмай, өткеннен өнеге ала отырып, көздеген мақсаттарымызға қол жеткізу. Осыны ескерген Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, ұлт тарихын танып-білудің жаңа кезеңін бастап беріп отыр.
Еуразияның кіндігінде орналасқан Ұлы даламыз Шығыс пен Батыстың арасындағы қақпа, өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан алтын көпір.
Әлемдік сауда жүйесінің дамуына, бүгінгі транзиттік «дәліздердің» пайда болуына тікелей ықпал еткен Ұлы Жібек жолының біздің жерімізден өтуі Қазақстан туралы осындай анықтама жасауға мүмкіндік береді.
Елбасы өз мақаласында Ұлы дала төсінің күллі түркі дүниесінің ата жұрты саналатынына бүгінде әлемдік өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған алма мен қызғалдақтың да «тарихи отаны» қазір біздер өмір сүріп отырған қоныс екеніне айрықша назар аударған.
Мінеки, бүгінде жер-жаһанның ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан әлемдік өркениетке не берді деген сауалға ауыз тотырып айтатын жауап осындай. Яғни, қазақ даласы – адамзат өрлеуінің қайнар көзі. Демек, біз тарихымызды қайғы-қасіретпен, жауапкершілік заманмен және үрейлі жылдармен ғана емес, бүгін өзіміз бір бөлшегі болып отырған әлемнің қалыптасуына, ғылым мен білімнің дамуына, өркениеттің өріс алуына сүбелі үлес қосқан халық екенімізбен байланыстыруымыз қажет.
Ең бастысы, қазақ деген елдің барын білмейтін, білсе де әдейі көзге ілгісі келмейтін базбіреулер үшін еліміздің кім екенін тайға таңба басқандай етіп таныстырып береді.
Ұлы даланың Елбасы атап көрсеткен жеті қыры – бүкіл әлем мәдениетіне әсер етті, әлемдік өркениетке негіз болды. Ал, Қазақстан – сол Ұлы даланың қара шаңырағы. Демек, қара шаңырақ атымызға сай, тарихи санамызды жаңғыртып, ұлы даланың тарихын ұлықтайтын ұл мен қыз тәрбиелеуіміз керек. Ұлы дала, яғни, өз ата-бабасының төл тарихын білген ұрпақтың оны мақтан етері сөзсіз. Ол – жас ұрпақтың рухын көтереді, патриоттық сезімін өсіреді болашағына сенімді етеді.
«Ұлы даланың жеті қыры» – ол түгел түркінің жеті қасиеті, жеті ерекшелігі. Ол табан астында пайда болған идея емес, Елбасының ұшқыр ойының елегінен өткен, тәжірибесімен қалыптасқан үлкен саяси ұстанының кезекті бір бөлігі.
Өйткені, бажайлап қарап отырсақ, бұл мақаланың бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық мақаласының тереңделген жалғасы екенін байқаймыз.
Ғибратты ғұмырын дәріптеп қана қоймай, айдай әлемге жар салып, мақтан тұтарлық тұлғаларымыз да жетерлік. Аспан астын билеген Күлтегіннен бастап, адамзаттың екінші ұстазы болған әл-Фараби, тұтас түркі әлемінің ғұламасы – Яссауи, Мысырға әмірін жүргізіп, әлемдік қақтығысқа тосқауыл болған Бейбарыс сұлтан сияқты ұлы есімдерімізді ұлықтау жаһанның бізді тағы бір қырымыздан тануына жол ашады. Сонымен бірге
мұндай тың бастамалардың түркі әлемін одан әрі біріктіре түсетін тиімді тетік екенін де атап өткен жөн.
Осындай игі істер тарихи санамызды жаңғыртып, өткенімізді тағы бір ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Ал, тарихи сананы жаңғырту – ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол ашады. Ең бастысы, біз Ұлы далада өмір сүріп отырған бүгінгі халық, өзімізді адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан өр тұлғалардың ұрпағы және мәңгілік дамуға тың серпін берген мәдениеттің мұрагері екенімізді сезіне білуіміз керек. Осылайша қасиетті ұғымдар алыс ғасырлардан жетсе де, бір-бірінен шалағай өңірлерде жырланса да үндес, сарындас. Міне, осы түркі кодындағы сабақтастықтың сырын сақтаған алып кеңістік – Ұлы дала, ал, уақыт ата-бабадан жалғасқан ұрпақтардың өмірі деуге де болады.
Ұлттық сана тарихи сана арқылы қалыптасады десек, ХХІ ғасырда кескін-келбетімізді сақтап, ұлттық код, ұлттық мәдениет, тарихи жадыны жаңғырту – еліміздің рухани өміріндегі тың белес. Ендеше бұл бағдарламалық мақала тарихшылар үшін жаңа мүмкіндіктер мен ізденістерге ауқымды жол ашып отыр. Ендігі жерде біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – мақалада айтылған бағыт-бағдарлар мен ұтымды ұсыныстарды, кешенді жобаларды жайдақ жиындарға айналдырмай, жүйесін тапқан мазмұнды жұмыс жүргізу болмақ.
Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту салтанатында: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы дала деп, ал, бабаларымызды Ұлы даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз. Ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы дала!» деп айтқан еді. Осы сөздердің жалғасы іспетті болған бағдарламалық мақаласы арқылы Елбасы Ұлы даланың ұрпақтарын тағы бір айқындап береді.
Байкал мен Балқанның, Алтай мен Анадолының, Маңғолия мен Мажорстанның арасындағы Ұлы далада байырғы балалардың өнегелі ізі мен өміршең көзі сайрап жатыр. Оның үстіне әлем бізді түркі жұртының алтын бесік-қара шаңырағы, Қазақстан Президентін де түркі жұртының көшбасшысы деп танитыны белгілі. Сондықтан, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы болашақта ұлттық коды мен түпкі тарихы бір, тағдыры мен тамыры ұқсас, мақсаты мен мүддесі бір бауырлас халықтар арасын жақындастыратын, ағайын арасына алтын арқау болатын іргелі жобаға айналады деп сенемін. Алаштың ақ парағына жазылған Елбасы мақаласы – түркі жұртының рухани ұстыны, ажырамас темір қазығы, Ұлы даланың Ренессансы болары анық!
Ардақты ағайын!
Ұлы даламыздың даңқын асырған – жеті қыр. Осы жеті қырымызды жіліктеп, бүгінгі қазақтың рухын танып, өзегін болаттай мығым ету мақсатында жазылған бағдарламалық мақаладағы міндеттерді орындау Мәңгілік Ел шаңырақ – платформасының кезекті бір керегесін кеңейтумен айқындалмақ.
Ал, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Қазақстанның арғы және бергі өркениет негізін, бүгінгі айрықша құбылысын салиқалы салмақтаған Елбасының бұл мақаласы білім жүйесінің сұранысына түбегейлі жауап беретін дүние.

 

Е.ТІЛЕПОВ,
штаттан тыс тілшіміз,
Қазығұрт ауданы