Коронавирусқа қарсы екпе салдырудың қажеті жоқ – ДСМ

1498

Қазақстандықтарға коронавирусқа қарсы вакцина салдырудың немесе ревакцинация жасаудың қажеті жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы (ДДСҰ) бойынша бүгінде халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға немесе ревакциянация жасатудың қажеті жоқ. Тек халықтың осал топтарына, егде жастағы адамдарға екпе салуға болады. Бірақ мұны да эпидемиологиялық жағдайға қарай әр мемлекет өзі шешеді», — деді Айжан Есмағамбетова Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Мемлекеттік бас санитар бүгінде елімізде коронавирусқа қарсы вакцина жоқ екенін атап өтті.

Қазір COVID-19 вирусына қарсы вакцина жоқ. Ол бізге керек те емес. Эпидемиологиялық жағдай өзгерсе, OtarBioPharm бір айда екпенің керек дозасын шығара алады. Алайда қайталап айтамын, ДДСҰ ұсынымына сәйкес, бүгінде коронавирусқа қарсы екпе алудың қажеті жоқ, — деді вице-министр.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрінің орынбасары – мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова тұрғындарды жабық ғимараттарда және қоғамдық көліктерде маска тағып жүруге шақырған еді.