Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұр

2509

Кесене туралы түрлі алып-қашпа әңгіме бұрыннан бар. Алайда мамандар соңғы 10 жыл көлемінде қабырғалары тұзданып, төбесінде дымқыл дақтар пайда болғанын айтады.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қауіп төніп тұр ма? Ел арасында «тарихи кешен маңын жасанды абаттандырудың салдарынан кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопси бастаған» деген пікірлер айтылып қалады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Мамандар не дейді?

Кесене туралы түрлі алып-қашпа әңгіме бұрыннан бар. Алайда мамандар соңғы 10 жыл көлемінде қабырғалары тұзданып, төбесінде дымқыл дақтар пайда болғанын айтады. Оның нақты себебін әлі ешкім толық зерттеп көрмеген. Сондықтан ғалымдар тарихи ескерткішті сақтап қалу үшін шұғыл шара қолданып, ғылыми түрде зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет дейді.

— Ғалымдар сол бақылаудың нәтижесінде қорытынды шығарып ғана біз мына проблемалардың бәрінен құтыла аламыз. Ал оған дейін ғылыми негіздегі ауқымды жұмыс атқарылмаса, біз сөз деңгейінен аспаймыз. Біреулер оны абаттандыру жұмыстарынан көреді. Тағы басқа себептерді айтады. Біреулер оны теріс дейді. Бізге осы даудың нүктесін қою үшін арнайы маманданған кәсіби мамандар осы мәселемен түбегейлі айналысуы керек, дейді  «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры Мәулен Садықбек.

Кесене салынғалы бері қаншама аласапыран замандарды бастан өткерді. «Оған табиғаттың тосын мінезі — жаңбыр мен желді қосыңыз. Мүмкін іргетасы отырып, қабырғалары қисайған шығар. Соның барлығы толық зерттеуді қажет етеді», — дейді мамандар. Сонда ғана ылғалдың қайдан келгенін білуге болатынын айтады.

Ылғалдана берсе, ылғал басым болған сайын ол кірпішті жеп қояды. Кірпіш мүжілгеннен кейін ол қабырға құлауға айналады. Тұзы барлығын ыдыратады. Құрылымын бұзады. Сау тұрған дүниені ыдыратып жібереді. Сондықтан ол мүжілу, құлау қаупі бар. Егер біз бұған мән беріп, амалын қолданбасақ, түбінде бұл үлкен қауіп, дейді «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының директоры.

Мұражай басшысының айтуынша, Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселеден хабардар. Қазірдің өзінде бірқатар ғылыми жұмыс қолға алынған. Ал ай соңында кесенені түбегейлі тексеру үшін Түркістанға шетелдік мамандарды шақыру жоспарланып отыр. Осы уақытқа дейін ортағасырлық сәулет өнерінің жауһары саналатын Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көруге келетін туристердің саны артпаса кеміген емес.

— Біз Ақтөбеден келіп тұрмыз. Кесенеге бірінші рет келуіміз. Барлығы мақтаған соң келдік. Көреміз енді.

— Соңғы жылдары туризм жақсы дамып жатыр ғой. Соның бірі осы Түркістан қаласы деп естігеннен кейін балалар демалысқа шығып, жолдастарымыз басымыз қосылып, келдік. Ең киелі жер – Яссауи кесенесі. Жақсы, риза болып жатырмыз.  

— Зиярат жасауға келдік. Енді қайтып барамыз Ташкентке. 3-4 жыл болған келмегенімізге. Бәрі жақсы, сақталып қалған.

Түркістан облысына саяхаттап келгендердің барлығы міндетті түрде Түркістанға соғып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасамай кетпейді. Өткен жылы өңірге 1 млн-ға жуық мейман келсе, биыл 1,5 млн саяхатшы келеді деп күтілуде. Сондықтан дала сәулет өнерінің жауһар туындысы қашанда жұрттың назарында. Ал оны тыңғылықты зерттеп, зерделеу кезек  күттірмейтін мәселе.