Әр балаға — 21 мың теңге: Еңбек министрі жәрдемақыға өтініш тапсырып жатқандармен кездесті

1048
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елордадағы Халықты жұмыспен қамту орталығына жиналған тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына, яғни республика бойынша 21 мың теңгелік жәрдемақыны тағайындауға өтініштер қабылдануда. Атаулы әлеуметтік көмектің бұл түрі тұрмысы төмен барлық отбасыларға беріледі.
Мамандардың айтуынша, аталған орталыққа таңертеңнен бері 500-ден астам адам келді. Қызметкерлер бүгін кешке дейін келген барлық адамдарды қабылдайтын болады.
Өз кезегінде Б. Сапарбаев жәрдемақыға өтініштерді қабылдаудың алғашқы күндері тұрғындардың көптеп келуіне байланысты орталыққа кезекші дәрігерді шақырту керектігін атап өтті. Сонымен қатар министр әлеуметтік қолдау мәселелеріне байланысты жиналған адамдардың сауалдарына да жауап берді.
«Сіздер асықпаңыздар, егер де бүгін уақыттарыңыз тығыз болса, осында ертең немесе аптаның басқа күндері де келе аласыздар. Бұдан бұрын хабарланғандай, осы айдың аяғына дейін сіздерден өтініштерді қабылдаймыз. Өйткені сәуір айының соңында тапсырсаңыз да, төлем 1 сәуірден бастап есептеледі», — деді Бердібек Сапарбаев.
Бұдан кейін министр Абай даңғылындағы халыққа қызмет көрсету орталығына және Алматы ауданы әкімдігіне барып, АӘК бойынша кеңес беру шараларымен танысты.
Осы орайда ведомство басшысы қосымша құжаттарды сұрастыру арқылы адамдарды әуреге салу жағдайларына жол бермеу керектігін тапсырды. Бердібек Сапарбаев бұл мәселе ерекше бақылауда болуы керектігін атап өтті.
Айта кетейік, жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.