Шымкент қаласы, Абай ауданы, Асар-2 шағынауданы инфрақұрылым жүйесімен келер жылы толығымен қамтылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.
Қаратау ауданына қарасты Асар-2 шағынауданында 11 мыңнан аса тұрғын тұрады. Бір мектеп және бір балабақша бар. Шағын ауданды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі басты мәселе.
Шағын ауданда атқарылатын жұмыстар жөнінде қала әкімінің Асар аумағындағы тұрғындармен кездесуі барысында аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов баяндады.
Электр жарығы – 2 139 электр бағаналары орнатылды, 24 КТПГ сатып алынып нысан басына жеткізілді, 30 км электр желісі тартылды. Нәтижесінде 2700 үй электр жарығымен қамтылды. Егжей-тегжей жоспарлау жобасының өзгеруіне байланысты жобаға енбей қалған 1130 үй бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалынуда. Мемлекеттік сараптамадан өткен соң, бюджетке ұсынылады. Құрылыс жұмыстары биыл басталса, келер жылы толығымен аяқталады деп күтілуде.
Ауыз сумен және табиғи газбен қамту жұмыстары 2 кезеңге бөлінген. Бірінші кезекте ауыз су жүйесі 2700 үйге жүргізілген. Екінші кезекте қамтылмаған мың үйге мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары биыл басталса, 2023 жылы толығымен аяқталмақ.
38 көшенің 3 көшесі асфальтталған, 35 көшеде тас жол, 6-уы топырақ жол. Биыл Күншоғыр және №1,2,3 атауы жоқ көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілмек. 2025 жылы іс-шара жоспарына сәйкес 100% орташа жөндеу жұмысын аяқтау жоспарлануда.
Өткен жылы Атакент және №8 көше жарықтандырылды. 2022 жылы — Нұржол және №4 көше; 2023 жылы — Күншоғыр және №1 көше; 2024 жылы — №2,3 көшелер; 2025 жылы — №5,6 көшелерге жарықшамдар қойылмақ.
Интернет желісімен 2023 жылы қамтылады. Осы жылы 1 спорт алаңшасының құрылысы басталып кетті.