ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР ТУРИЗМ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

676

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен 2022 жыл – «Балалар жылы» болып жарияланған болатын. Осыған орай, Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы 16-20 мамыр, яғни апта бойы қаланың түрлі тарихи-мәдени орындарына тегін саяхат жасауды қолға алды, депхабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

​«Балалар туризм апталығы» деп аталатын экскурсияға Шымкент қаласының ең танымал туристік орындары біріктірілген. Атап айтқанда: «Кең баба» этно — саябағы, жасөспірімдерге арналған қуыршақ театры, Ордабасы алаңы, «Shym Qala» тарихи — мәдени кешені, Тәуелсіздік саябағы, Даңқ мемориалы, Бейнелеу өнері музейі, Бәйдібек би монументі, облыстық тарихи -өлкетану музейі және Зообақ.

​Балалар жоғарыда аталған орындардың тарихымен кеңінен танысатын болады. Ол үшін орталықтың гид — экскурсоводтары балаларға құнды ақпараттарымен бөлісіп, бұл орындардың маңызына тоқталады. Одан өзге, балаларға арналған танымдық ойындар ойнатылып, тәттілер беріледі.

Жалпы, балалар туризмі — 7-15 жас аралығындағы балаларға арналған саяхаттар мен экскурсиялар, танымдық және рекреациялық балалар туры. Ол баланың жан — жақты өсіп жетілуіне, ақыл — парасат деңгейінің артуына, қоршаған ортаны қорғауға, өз- өзін көрсете алуына және тағы басқа да қабілеттерін арттыруға септігін тигізетін болады.

Айта кетейік, бүгінгі күнде «Балалар туризм апталығы» экскурсиясына 150-ден астам бала тіркеуден өткен. Бағдарлама бойынша нысандар әр күнге бөлінген. Балалар өзі қалаған күнді, нысанды таңдай алады. Ол үшін «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының +7 701 102 17 17 нөміріне хабарласып, толық ақпарат алуға және тіркелуге болады.